Абай облысындағы Бесқарағай ауданында бірнеше елді мекеннің халқы ауыз суға зәру. Тіршілік нәрін Ертістен тасып ішіп отырғандар да бар. Ал Кривинка ауылында мемлекеттен қыруар қаржы бөліп қазған су ұңғымасы іске жарамсыз болып, ақша желге ұшқан. Қара суға зар болған халық біртіндеп үйлерін тастап ауылдан көшіп жатыр.
Ержан Жақып, тілші:
Ауыл ішінде осы сияқты оншақты құдық бар. Ал жұмыс істейтінінің өзінен ағатын су, мал суғару мен бақшаға құйғаннан басқа ештеңеге жарамайды ,дейді тұрғындар.
Кривинка тұрғындары сол жарамсыз судың өзі күніне бір-екі сағатқа ғана қосылатынын айтады. Көлігі барлар бұлақтан тасып, кейбірі ауладан құдық қазып амалдап отыр.
Гүлнар Сләмқызы, ауыл тұрғыны:
Өзім дәрігермін. Көп адамдар шағымданып келеді. Бүйрегім ауырды, асқазаным ауырды дейді. Ал оларды зерттеп көрсек көбінесе бүйректен, өттен тас шығып жатыр. 12-14 жастағы балалардың бүйрегінен тас шығу деген, ол судың деп көремін.
Марат Садуақасов, ауыл тұрғыны:
Аудан әкім есеп бергенде айтқан. Осындай 7 миллиондай қаражат бөлінді. Міне осы уақытта жөндеу жүргізіледі деп. Уәде бергенмен, әлі орындалған жоқ.
Өткен жылы бюджеттен 9 миллион теңге мөлшерінде қаржы бөлініп, қосымша ұңғыма қазылған. Алайда толық зерттелмегендіктен, одан шыққан су мөлшері тым аз, әрі жарамсыз болып қалған. Ал қыруар қаржы желге ұшқан.
Алмас Тастенбеков, Бесқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы:
Келісім шартқа сәйкес мердігер өзінің жұмысын толығымен атқарған. Нәтижесі болмады. Себебі басында қазған бетте су шығып тұрды. Қай жерде қандай судың деңгей жер астында екендігі, бізде ондай толыққанды мәлімет жоқ әлі.
Жетіжар ауылындағы жағдай тіпті қиын. Ауыз суды ауыл халқының дені Ертістің суын тасып ішіп отыр.
Нүрзия Сағиева, ауыл тұрғыны:
Тұндырамыз да ішеміз. Енді не істейміз. Өмір бойы солай. 50 жыл тұрамын, 50 жыл осы Ертістің суын ішемін. Мал да ішеді, біз де ішеміз. Не істейміз?
Кривинка мен Жетіжар ауылындағы ауыз су мәселесін әкімдік басшылары жақын жылдары ретке келтіреміз деп ағынан жарылды. Қазір екі елді мекенді сумен қамту үшін жобалық сметалық құжаттар дайындауға өтінім берілген. Бірақ тұрғындар өңірде әкім тұрақтамайтындықтан, түйткілдің шешілетініне күмәнмен қарайды. Ауданда соңғы он екі жылда 8 әкім ауысқан. Олардың берген уәделері аяқсыз қалды дейді халық.
Ержан Жақып