Президент Конституцияға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заңға қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Конституцияға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заңға қол қойды

18.09.2022

Сонымен, Астананың аты қайтты. Президент 7 жылға және 1 мерзімге ғана сайланады. Президент Конституцияға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заңға қол қойды. Апта бойы бас қалаға қатысты бірінен соң бірі жаңалықтар шығып жатты. Алдымен президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай желіде «Парламент депутаттарының ұсынысын мемлекет басшысы білетінін, оның келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілгенін» айтты. Кейін қалалық мәслихат депутаттары қоғамдық тыңдау өткізіп, Нұр-Сұлтаннан бас тартуды «бірауыздан» қолдады. Келесі күні Парламенттің жалпы отырысында депутаттар бас қаланың атын Астана қылу туралы шешім шығарды. Депутаттар Мұны «халықтың қалауы» деп түсіндірді.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өмір бір орнында тұрмайды ғой. Ол конституция қатып қалған дүние емес. Бұл тарихи әділдік болар еді 20 шақты жыл бойы аталған атын кері қайтару.

Зәкіржан Кузиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Референдум кезінде бардық қой енді аудандарға. Сол уақытта түсті, соны қазір шығардық. 

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қолда мейлі, қолдама, ол атау берілді. Бұрынғы президенттің еңбегін жоққа шығару деп есептеуге болмайды. 

Астана атауын қайтару туралы ұсыныс айтылғанда да қоғамда «тағы қаржы жұмсала ма?» деген сұрақ туындады. 2019 жылы Астана Нұр-Сұлтанға ауысқанда елтаңба, баннерлер мен бланктерді шығару үшін 30 миллион теңге кеткен. Бірақ бұл жолы ақша әлдеқайда аз жұмсалады, - дейді депутаттар. Өйткені құжаттар цифрланып жатқандықтан, басым бөлігі Нұр-Сұлтанға ауыстырылмапты.

Енді президент мандатына тоқталсақ. Парламент осы жолғы кандидат бір мерзімге ғана сайлануын да, өкілеттігінің 7 жыл болуын да құптады. Бұл шешім шықпас бұрын Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев Конституцияға мұндай түзету енгізудің мәнін түсіндіріп өткен. Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауда бұл ұсынысты Парламент сайлаудан кейін қарастырса деген еді. Алайда «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы осы күзден қалдырмау керек, - деді. Ақордаға шыққан Жиенбаевтың мәлімдемесінде былай делінген: «Олардың пайымдауынша, жаңа нормаларды президент сайлауына дейін қабылдаған жөн. Әйтпесе, Конституцияның қазіргі ережелері бойынша осы күзде президент болып сайланатын адамға жеті жылдық мерзімге қайта сайлануға мүмкіндік беретін заңды жағдайлар туындауы мүмкін». Цитата соңы.

Ал мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин телеграмдағы парақшасында былай деп жазған:«Бұл реформалар пакеті бұған дейін жүзеге асырылған конституциялық реформа, Конституциялық Соттың жаңа институтын құрумен, Парламенттің өкілеттіктерін кеңейту кезінде Президенттің өкілеттіктерін қысқартумен, аралас сайлау жүйесін енгізу, партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету, аймақтардың тәуелсіздігін нығайтумен бірге қарастырылуы тиіс. Осының бәрі билік тармақтары арасындағы оңтайлы тепе-теңдік пен мемлекеттік құрылымның жаңа институционалдық дизайнын құрайды».

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заңға қол қойды. Ондағы өзгерістердің бірінде президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуге және қайта сайлануға тыйым салу көзделген. Бұл туралы билік өкілдері мен қоғам белсенділері оң баға беріп жатыр.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу