Шетелдіктер пікірі: Астана – әлемдік бренд - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдіктер пікірі: Астана – әлемдік бренд

16.09.2022

Астана атауы - бұрыннан қалыптасқан бренд. Елімізге келген саяхатшылар осындай пікірде. Жалпы, туристердің көбі осы атауды жанына жақын, жылы қабылдайтыны рас.

Азрул Мохамад - Малайзия азаматы. Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Ол, негізінен, туризм саласында еңбек етеді, Алматыда әріптестерімен тәжірибе алмасып жүр. Елорда атауының өзгеретінін естіген шетелдік мейман малайзиялықтарға бұл атау өте жақын екендігін айтады.

Азрул Шах Бин Мохамад, турист:

Бізге Алматы мен Астана егіз ұғым сияқты. Сондықтан, елорданың қайтадан осылай аталатынын естіп, қуанып отырмыз. Астана деген атау есте сақтауға да, ауызбен айтуға да оңай ғой.

Ал Александ Макаренко - украиналық кәсіпкер. Ақпараттық технологиялар бағытында Қазақстанмен екіжақты байланысты нығайтып жүр. Ол да бас қаланың атауы қайтарылатынын естіп, қуанышын жасырмады.

Александр Макаренко, турист:

Астана атауын жас кезімнен бері естіп, менің жадымда Астана боп қалған. Өте әдемі, көркем шаһар деп есептеймін. Астана дегеннің өзі - жүрекке жақын сөз. Алдағы күндері Астанаға саяхаттауды жоспарлап отырмын.

Бұл жаңалықты отандық туристік агенттіктер де жақсылықтың жаршысы ретінде қабылдады. Өйткені, Астана атауы шетелдіктер арасында кеңінен танымал. Яғни, бас қаламызды жаһан жұрты Астана арқылы таниды. Оларға осылайша жарнамалау да жеңіл дейді операторлар.

Сахиба Ахметова, туристік агенттіктің өкілі:

Астана атауы - бұрыннан қалыптасқан бренд. Қала көз алдымызда көркейіп, гүлденіп жатыр. Қазақстанның бас қаласына саяхаттайтын туристер саны жыл санап артып жатыр. Сондықтан Астана атауын қайтару біздің жұмысымыз үшін табысты әрі тиімді боларына сенеміз.

Биыл елімізді тамашалауға 330 мыңнан астам турист келген. Пандемиядан кейін олардың саны күрт артты. Шетелдіктердің басым бөлігі, алдымен, бас шаһарды көргісі келеді,-дейді мамандар.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу