Шанхай ынтымақтастық ұйымын жаһандық экономикалық платформаға айналдыруымыз керек. Бүгін мемлекет басшысы Самарқандта өткен ұйымның 22-саммитінде осындай бастама көтерді. Әрі бөлінбей, бір мүдде жолында еңбек етуге шақырды. Аймақтағы тұрақтылық жайын сөз етіп, үш зұлымдықтан төнген қауіп жайлы айтты. Тіпті саммит барысында Армения-Әзірбайжай арасындағы қақтығысқа қатысты өткір мәлімдеме де жасалды.
Осы апта мемлекет басшысының жұмыс кестесі тығыз. Діндер съезін өткізді, Қытай төрағасын қабылдап, енді Самарқанға саммитке келді. Әрине, әлемде геосаяси ахуал ушығып, экономика кері кетіп жатқанда тығырықтан шығар жол іздеу - кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан ұйымға мүше елдердің басшылары өзекті проблеммаларды тарихи шаһар төрінде тағы бір таразы талқысына тартты.
Қазақ басшысын Өзбекстан президенті қарсы алды. Екеуі жылы жүздесті. Ұзақ қол алысты. Кейін ұйымға мүше елдердің басшылары шағын құрамда оңаша кеңесіп, кеңейтілген отырыста түрлі түйткілдерді шешудің жолдарын ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша қазір әлем қауіпті кезеңге қадам басты. Елдер арасында қит етсе қысым көрсету, санкция салу секілді тәсілдер белең алды. Қауіпті еңсеру үшін ең алдымен бірлікті бекемдеу қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осындай жағдайларда өзара сенімге, тең және ашық диалогқа негізделген бірегей «Шанхай рухын» нығайту аса маңызды. Біздің алдымызда ұйымның әлеуетін толық пайдалану міндеті тұр. Құрылым қызметінің тиімділігін арттыру және әртүрлі саладағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту барлық қатысушы мемлекеттің мүддесіне сай келеді.
Әрине даму үшін ортақ мүдде қажет. Өйткені ұйым құрамында болғанымен, жік-жікке бөлініп, әртүрлі әрекет ету құрдымға жібереді. Сондықтан мемлекет басшысы Шанхай құрылымын жаһандық экономикалық платформаға айналдыруымыз керек деді. Бұған әлеуетіміз жетеді. Қазір ұйымға сегіз ел мүше: Қазақстан, Қырғызстан, Үндістан, Пәкістан, Өзбекстан және Тәжікстан, екі ядролық алпауыт Ресей мен Қытай бар. Төрт ел бақылаушы. Тағы алты мемлекет диалог жөніндегі әріптес. Бұл елдер Жершары халқының тең жарымы. Ресурсқа баймыз, технологиялық мүмкіндігіміз жетеді. Соны толыққанды пайдаланатын кез келді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұйымға мүше мемлекеттердің үлесі әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен төрттен бірін құрайды, яғни 23 триллион доллардан асады. Бізде энергетикалық ресурстардың, көмірдің, сирек металдардың және жаңартылатын энергия көздерінің ең бай қоры бар. Оның үстіне мемлекеттеріміз – әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші әрі экспорттаушы елдер. Сондықтан ауыл шаруашлығы өнімдерінің саудасын арттыру қажет. Бірақ ірі державалардың текетіресі мен санкциялар соғысы алыс-берістің азаюына, қымбатшылаққа алып келді. Осы ретте көлік транзиттік әлеуетті арттыруға және Қазақстанның мүмкіндігін пайдалануға шақырды Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әңгіме «Қытай – Еуропа» бағыты және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша теміржол тасымалы, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай шекарасында үшінші теміржол өткелінің құрылысын салу жоспары туралы болып отыр.
Осыған орай, серіктестерді жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Әрі Шығыс Азиядан Парсы елдеріне ең қысқа жол саналатын «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жолының әлеуеті зор.
Бірақ тұрақты даму үшін аймақта қауіпсіздік болуы керек. Сондықтан әскери салада да ынтымақтастық артады. Өйткені экстремизм, терроризм мен сепаратизм секілді үш зұлымдық тұтас өңірге қауіп. Оның үстіне тәліптер билікті күшпен басып алған Ауғаныстанның шекарасы ұйым елдерімен шектесіп жатыр. Қала берді Ресей – Украина, Қырғызстан-Тәжікстан, Армения-Әзірбайжан арасындағы қақтығыстар ұйымның ілгері басуына кедергі. Айтпақшы саммитте Ильхам Әлиев Арменияны правокатор деп айыптап, шүріппені бірінші болып басқанын мәлімдеді.
Саммит қорытындысы бойынша жасыл экономиканы дамыту, кибер қауіпсіздік, сауда саттықты арттыру секілді мақсаттарда 40-тан астам құжатқа қол қойылды. Қысқасы елдер арасындағы ынтымақтастық сан-салада жанданбақ. Әрі ұйымның географиялық аумағы кеңейеді. Иран мүшелікке қабылданды. Енді Белорусьті қосу процесі жүріп жатыр. Ал Шанхай құрылымына төрағалық ету тізгіні Үндістанға өтті.
Досжан Маратұлы