Діндер съезі: Әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация қатысуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Діндер съезі: Әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация қатысуда

14.09.2022

Елордада өтіп жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация қатысуда. Оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, даосизм, зороастризм, синтоизм дінінің өкілдері бар. Айтулы шарадан 188 шетелдік бақ өкілдері хабар таратып жатыр. Жалпы, бұл әлемдік жиыннан не күтуге болады? 

Шойжилжав Дамбажав Моңғолиядан келген делегация өкілі. Бұл оның қатысып отырған алғашқы съезі. Дін көшбасшыларының ауқымды шарасына қатысып жатқанына қуанышты. Айтуынша, жетінші рет өткізіліп жатқан жиын өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Моңғолияда халық саны аз болса да, 1992 жылдан бері конфециялар дамып жатқанын жеткізді. Олардың көбісі будда дінін ұстанады.

Шойжилжав Дамбажав, делегация өкілі /Моңғолия/

Қазір адамдар түрлі қиындықтарды бастан өткізіп жатыр. Оның ішінде табиғи апаттар, экономикалық дағдарыс та бар. Қазір қоғамда кездесетін теңсіздік, бай мен кедей секілді таптық қиыншылықтарға дін басшылары ретінде ықпал етуге тырысамыз. Жалпы, осы жетінші съезде көтеріліп жатқан мәселелер оң шешімін табады деген ойдамын.

Күрделі проблемаларды дін арқылы шешуге болады. Марокоо корольдігінің министрі осындай пікірде. Ол осы съезде діни құндылықтарды адамзаттың өркендеуіне, бейбітшілікке бағыттау туралы келісім жасалды деп ойлайды.

Ахмад Тауфик, Марокко корольдігінің ислам істері жөніндегі министрі:

Бұл конференцияға қатысу - мен үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі күн тарих. Діннің қазіргі өзекті мәселелерді шешудегі рөлін түсінген маңызы өте зор дегім келеді.

Біріккен Араб Әмірліктерінен келген Мұхаммед Аль-Джаруан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің маңыздылығына тоқталды. Ол Қазақстанды - түрлі діндер тоғысқан ортаға балады.

Мұхаммед Аль-Джаруан, Толеранттылық пен бейбітшілік үшін жаһандық кеңесінің төрағасы /БАӘ/

Сүйіспеншілік алаңын құруға, жеккөрушілік, экстремизмнің есігін жабуға бағытталған, болашақ ұрпаққа жол көрсетер нұсқаулық десе де болады. Мұндай жоба күллі әлем үшін керек. Қазақ мәдениеті өте бай, халқы қонақжай. Діндердің бірігуі – керемет идея. Бұл осындай жиындар арқылы жүзеге асырылады. Бәріміз теңбіз. Бәріміздің де қалайтынымыз – бейбітшілік.

Съезге келген өзге де дін өкілдері бейбітшіліктің маңызды екенін және оған қол жеткізу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз қажет десті.

Ежи Мацулевич, Католик шіркеуінің басшысы /Өзбекстан/

Діни топтар арасында текетірес болғаны жақсы емес. Бұл туралы съезд барысында айтылды. Алдымен қазіргі таңда діни алауыздықты жою қажет. Үш жыл бұрын христиандар мен мұсылмандар бауырластық туралы декларацияға қол қойды. Мұны әрі қарай жалғастыру қажет.

Форумның секциялық отырысында 4 тақырып талқыланып жатыр. Пандемиядан кейін өткізілп жатқандықтан рухани және адамгершілік құндылықты нығайту, дін көшбасшыларының бейбітшілік пен келісімді бекемдеудегі білім мен діннің рөлі, экстремизм, радикализм және терроризмге қарсы іс-қимыл әрекеттері төңірегінде пікір алмасты. Сондай-ақ, осы съезде бірінші рет әйелдердің әлеуметтік мәртебесі көтеріледі.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу