Діндер съезінің аясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кездесу өткізді. Әуелі православие шіркеуінің өкілдерін қабылдады. Кездесуде президент митрополит Антонийді жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, православие діні Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Одан кейін, Бас Ашкенази Раввині Давид Лау мен Бас Сефард Раввині Иц Хак Иосефпен кездесті. Мемлекет басшысы Израиль Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі екенін атап өтіп, мәдени-рухани байланыстар нығайып келе жатқанын айтты. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев, Американың ірі еврей ұйымдары президенттері конференциясы төрағасының атқарушы орынбасары Малкольм Хонлайнді қабылдады. Олар діндер мен мәдениеттердің жаһандық диалогын тереңдету мәселесін талқылады. Маңызды кезсеудің бірі - Сауд Арабиясы Корольдігінің Ислам істері, уағыз және насихат жөніндегі министрімен өтті. Президент ислам әлеміне қасиетті болған Мекке мен Мединенің орналасқан мекені – Сауд Арабиясы өкілдерінің бүгінгі діндер съезіне қатысуы, өте маңызды екенін атап өтті. Және Қос Киенің Сақшысы, Король Салманның арнайы өкілі ретінде сауд делегациясын бастап келгені үшін, министрге ризашылығын білдірді.