Басты Жаңалықтар Бельгиялықтар үнемдеуге қарсы тағы шерулетті

Бельгиялықтар үнемдеуге қарсы тағы шерулетті

Бельгиялықтар бүгін жұмысты қойып, жаппай шеруге шықты. Мемлекеттік және жеке сектор өкілдері үкіметтің қатаң үнемдеу шараларына, әлеуметтік реформаларына қарсы. Қазір оқиға орнынан әріптесім Нұрсұлу Қасым бізбен байланысқа шықты. Нұрсұлу, бүгін осы ереуілге байланысты Бельгия әуежайларынан ұшатын барлық рейс кейінге шегерілгені рас па?

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Иә, бүгін елдің Шарлеруа әуежайынан ешқандай ұшақ ұшып, қонып жатқан жоқ. Брюссельдегі Завентем әуежайынан бүгін ұшуы тиіс 228 рейс кейінге шегерілді. Салдарынан 42500 жолаушы жолынан қалды. Әуе диспетчерлері, әуежайдың қауіпсіздігіне, жүктерді тиеуге жауапты қызметкерлердің барлығы осы жерде наразылық акциясына қатысып жатыр. Елдің ең ірі Антверпен теңіз портының да бүгін жұмысы тоқтаған. Шерушілер әлеуметтік төлемдерді қысқартуға қарсылық білдіріп, керісінше, үкіметтен жалақыны, зейнетақыны көтеріп, жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауды талап етуде. Сұхбатты бірге тыңдайық.

Кароль Мигэль, мұғалім:

Зейнетке мерзімінен бұрын шығатын адам зейнетақысының белгілі бір мөлшерін жоғалтады. Толық зейнетақы алу үшін  35 жыл еңбек өтілі және тиімді жұмыс істеген болуы керек. Бұл сұмдық.

Орели Будон, кәсіподақ ұйымының өкілі:

Үкіметтегілер ұзақ уақыттан бері ауырып жатқан жүз мың адамды жұмысқа қайтармақ. Бізге ауыруға да болмайды енді. Біздің ақшамызды санамай, байлардан салық өндірсін. 

Ұстаздар, дәрігерлер, әлеуметтік сала мамандары жұмысқа шықпағандықтан, бүгін бірқатар мектепте сабақ болмады. Мемлекеттік және жеке сектор өкілдері наразылық акциясына елдің түкпір-түкпірінен жиналуда. Теміржол компаниясы шерулерді Брюссельге жеткізу үшін бүгін қосымша 12 пойыз іске қосқан. Дегенмен қалада бірен-саран автобус, трамвайдан басқа қоғамдық көлік тоқтаған. Әуежай, порт сынды стратегиялық нысандардың, өзге де кәсіпорын қызметкерлерінің бір күн жұмысты тоқтатуы - ел экономикасына қыруар шығын әкелді»деп экономистер дабыл қағуда. Кәсіподақ ұйымының жетекшілері Премьер-министрмен жеке кездесіп, келіссөз жүргізбейінше, тоқтамақ емес. Ашулары қатты. Бейбіт басталған шерудің соңы тәртіпсіздікке ұласуы әбден мүмкін.


Бөлісу