Үкімет отырысы: Төрт облыс бюджет қаражатын игермеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысы: Төрт облыс бюджет қаражатын игермеген

13.09.2022

Алғашқы сегіз айдың қорытындысы бойынша отандық экономиканың өсімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Барлық салалардағы оң көрсеткіштер бойынша Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласы көш бастап тұр.

Дарын Сағитов, тілші:

Негізгі көрсеткіштер бойынша алда тұрған аймақтарға Үкімет басшысы өңір экономикасының өсу қарқынын төмендетпеуді тапсырды. Отырыста бюджет игеруде сылбырлық танытып отырған өңірлер де аталды. Биыл өңірлерге 3 трлн теңгеден астам трансферттер көзделген. Қыркүйекке дейін бөлінген 2 трлн теңгеге жуық қаражаттың шамамен 97 пайызы игерілген. Алматы, Маңғыстау, Қарағанды және Түркістан облыстары бюджет қаражатын игермеген. Бұған жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, шотты кеш ұсыну себеп болып отыр. Отырыста Әлихан Смайылов кешенді шараларға қарамастан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мен ішкі нарықты өніммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

6 МЛН ОТБАСЫНЫҢ ӘЛ-АУҚАТ МӘЛІМЕТТЕРІ ЖАҢАРТЫЛЫП ОТЫРАДЫ

Үкімет отырысында 8 айда республика бюджетінің 49 млрд теңгесі игерілмей қалғаны да айтылды. 11 млрд теңге үнемделген. Әсіресе, Ішкi iстер, Қорғаныс, Төтенше жағдайлар және Оқу-ағарту министрліктері қазына қаржысын игермеген. Жиында технологиялық серпіліс ұлттық жобасы да кеңінен талқыланды. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин жақында пилоттық негізде іске қосылған «Отбасының цифрлық картасы» бойынша елдегі жанұялардың эталондық деректер базасы құрылып жатыр деді. Мұнда күн сайын 6 млн шаңырақтың әл-ауқаты 80 параметр негізінде жаңартылып отырады. Үкімет басшысы шалғай ауылдардағы интернет мәселесін шұғыл шешуді тапсырды. Елдімекендерде ғаламтор болмаса елді цифрландырудың ешқандай пайдасы жоқ, - деді Әлихан Смайылов.

Хабарламаларға жазылу