Дін көшбасшыларының съезі: Хатшылықтың отырысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дін көшбасшыларының съезі: Хатшылықтың отырысы басталды

13.09.2022

Бүгін-ертең әлем назары қазақ елінің астанасына аумақ. Жер-жаһанда қырғи-қабақ текетірестер күшейген тұста біздің мемлекет дүние жұртшылығын тағы да бейбітшілікке шақырмақ. Ертең елордада дін көшбасшыларының съезі өтеді. Ал бүгін дәл осы сәтте жиын хатшылығының отырысы басталды. 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Үлкен жиынның алдында өтіп жатқан бүгінгі басқосудың маңызы өте зор. Себебі хатшылық съездің жұмыс органы болып табылады. Дәл осы жерде негізгі мәселелер талқылаудан, електен өтіп, үлкен жиында көтерілетін тақырыптар бекітіледі. Съезд хатшылығының басшысы Парламент Сенатының төрағасы болып табылады. Яғни қазіргі таңда ол Мәулен Әшімбаев. Сенат Спикері дәл осы сәтте өзінің алғы сөзін бастап жатқан секілді. Ал одан өзге хатшылықтың мүшелері съезге қатысатын әлемдік діндер лидерлерінің өкілдері болып табылады. Олардың ішінде ислам, христиан, иудаизм, буддизм секілді ондаған діндер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бар. Жалпы хатшылық отырысы 2003 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биылғы іс-шараның реттік саны – 20. Шағын мерейтой десек те болар. Былтырғы хатшылық отырысы қазан айында өтіп, 7-съездің негізгі тақырыбы бекіген еді.

Биыл дін лидерлері пандемиядан кейінгі кезеңде рухани және әлеуметтік дамудағы дін көшбасшыларының рөлі тақырыбына баса көңіл бөлмек. Иә, әрине әртүрлі сенім-нанымдағы діни көсемдер бұдан бөлек әлемдегі өзекті мәселелерді талқыға салып, көпшілікті бейбітшілікті үндейтін бастамаларды көтерері сөзсіз.

Хабарламаларға жазылу