Алматы облысы: Ауыл халқы жол азабын тартып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы: Ауыл халқы жол азабын тартып келеді

09.09.2022

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының халқы жылдар бойы жол азабын тартып келеді. Жергілікті әкімдік мердігер компаниямен келісіп, елді-мекенге осы жылдың шілдесінде асфальт төсеп беруі керек болған. Бірақ, уәде орындалмай, аталмыш жоспар тағы кейінге шегерілген. Осылай деген тұрғындар Ұлттық арна тілшілерінен көмек сұрады. 

Мегаполистен 50 шақырым жерде орналасқан елді-мекенде 38 мыңнан астам адам тұрады. Бірақ,ауылдың 50 пайызында жол жоқ. Тұрғындардың сөзінше, айнала жазда шаңға, ал көктем, күзде ми батпаққа айналып, жаяу жүруге мүмкін болмай қалады.

Бего Ягмуров, ауыл тұрғыны:

70 жыл болған шығар, мына школдың территориясында жұмыс істегенмін. Содан бері көрген жоқпын мына улицаларда асфальт болғанын. Балалар мектепке екінші аяқ киім апарады. Бір машина өтсе, бәріміз вороталарымызды жабамыз. Шаңнан демалуға шамамыз жетпейді.

Сәуле Өмірбаева, ауыл тұрғыны:

Акиматқа барғанда бізге асфальт салынады деп айтқалы 4-5 жыл болып қалды. Документтерді көтерсе, 4 рет асфальт салынды, осы жолы бесінші рет деді. Ал мен туып өскелі мына жерде асфальт көрген емеспін.

Аудан әкімдігі жол құрылысымен айналысатын мердігер компаниямен келіссөздер жүргізген. Құжат бойынша, осы ауылға биыл шілдеде тас жол төселуі керек еді. Бірақ, жоба жүзеге аспай отыр.

Бауыржан Бәшіров, Қарғалы ауылы әкімінің орынбасары:

Бірінші су құбырларын ауылды толық қамтып алғаннан кейін барып жол жұмыстарына кірісеміз деген жоспар болған. Мердігер компаниямен келісімшартқа отырдық. Жұмысты аяқтау 31 қазан айына дейін жол жұмыстарын жүргізіп беруі керек.

Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігін президент Жолдауда атап өтті. Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бергені белгілі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек.

Ал Қарғалы ауылындағы жол құрылысының кешеуілдеуіне басты себеп - битум тапшылығы дейді компания өкілдері. Жұмыстар кейінге қалдырылды. Жылдар бойы жол азабын тартқан қарғалылықтарға күтуден басқа амал жоқ.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу