Түркістан облысында екі ауылдың халқы жол азабын тартып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында екі ауылдың халқы жол азабын тартып жүр

19.08.2021

Түркістан облысындағы Төлеби ауданында екі ауылдың тұрғындары жылдар бойы жол азабын тартып келеді. Үш жыл бұрын Қостөбе мен Қаратөбе елдімекендерінің арасын жалғайтын көпірдің құрылысы басталған еді. Алайда мердігер мекеме құрылыс жұмыстарына бөлінген 45 млн теңгені алып, сол күйі қара көрсетпей кеткен.

Қыс болса аудан орталығына қатынаудан қиналған Қостөбе ауылының тұрғындары бүгін өзен басына жиналып, базыналарын жеткізді. Айтуларынша, 2018 жылы жаңа көпірдің құрылысы басталған. Алайда жұмыс жарты жолда тоқтап, аяқсыз қалған. Екі ауылмен қатынас үзілген соң, тұрғындар кішкентай өткелді қолдан жасап алған. Алайда оның өзін көктемде сел жүрсе, шайып кете береді.
Алтай Әмірбеков, Қостөбе ауылының тұрғыны: 
Көктемде су тасқыны қатты болады. Мына жерден өтуіміз қиын.Бізге ешкім қарап жатқан жоқ. Елдің жағдайы көтеріліп жатыр, жұрттың жағдайы көретіліп жатыр. Барлығын көтеріп жатқанда біз неғып бүйтіп жатамыз.
Ал, аудан әкімдігі көпірдің жұмысының жылдап бітпей тұрғанына мердігер мекемені кінәлап отыр. Себебі тендерді жеңіп алған кәсіпкер өткелдің құрылысына қаралған қаражатты қалтасына басып, ізін суытқан. Қазір оның ісімен құзырлы органдар айналысып жатқанын айтады.
Лесбек Серікбаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары:
Енді қазір сот орындаушылар жұмыс жасап жатыр. Одан бөлек, қылмыстық іс қозғалып, тиісті шешім қабылданатын шығар. Қазір мердігер мекеменің көпірді аяқтай алады дегенге сеніп отырған жоқпыз. Оның ондай мүмкіншілігі болмай жатыр.
Жергілікті халықты сабырға шақырған әкімдік өкілдері демеушілерді тартып, көпірдің құрылысын биыл аяқтап береміз деп уәде берді. Алайда, тұрғындар шенеуніктің сөзіне сенгісі жоқ. Себебі, мәселелерін билікке жеткізген қарашаның талабы әлі күнге дейін орындалмай келеді.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу