Абай облысының халқы соңғы алты жылдан бері жол азабын тартып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысының халқы соңғы алты жылдан бері жол азабын тартып келеді

05.04.2023

Абай облысының халқы соңғы алты жылдан бері жол азабын тартып келеді. «Алматы-Өскемен», «Омбы-Майқапшағай» тас жолдарының соғызша созылған құрлысынан жергілікті халық әбден мезі болған. Былтыр толық аяқталып, тапсырылуы тиіс халықаралық маңызы бар трассалардың көп бөлігіне күрек тимеген. Азапты жол жайлы арнамыздың тілшісі Ержан Жақып айтсын.

Ержан Жақып, тілші:

Қазір «Алматы-Өскемен» тас жолындағы жағдай осындай. Әсіресе Қытаймен екі ортада тауар тасымалдайтын жүк көліктері қысы-жазы бейнет көреді. Айналма жолмен жүреміз деген көліктер батпаққа батады. Салдарынан ұзын сонар кептеліс.

«Алматы-Талдықорған, Қалбатау-Өскемен» бағытындағы бұл жолдың 353 шақырымы жаңғыртудан өтуі тиіс еді. Ол үшін мемлекеттен 161 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бірақ Абай облысына қарасты 83 шақырымы аяқыз қалды.

Амантай Әубәкіров, көлік жүргізуші:

Машинаның бәрін қиратып бітірдік әне. Бампер-сампер, бак-мак. Каждый рейс осындай. Ала жаздай жүр. Бір километр асфальт салған жоқ.

Мамандарға сенсек, биыл бұл жолмен жүретіндер бейнеттен құтылады. Негізгі жолды аяқтаймыз деп отыр.

«Омбы-Майқапшағай» жолының «Қалбатау-Майқапшағай» бөлігі де оңып тұрған жоқ. Трассаны толық жаңғыртуға 159 миллиард теңге бөлінген. «Пандемия, қаржының кешігуі»- сынды түрлі сылтау айтылып, құрылыс әлі бітпеген.

Айтан Құмар, көлік жүргізуші:

Қаншама көлік осы жолдың бойында жатады ғой. Жарылып жатқан, сынып жатқан. Авария болып жатқандар да жетеді. Жыбырлап әйтеуір, «жол» атағы ғана ғой енді. Бәлен уақыт-дейді. Ешкімнің сенім жоқ.

Жұрт «жақсы жолмен жүреміз» дегенге сенуден қалған. Өйткені, жауаптылар жылда уәде беруден шаршамай келеді. Бірақ-та мамандар бұл жолы толықтай аяқтамасақ та, біраз бөлігін жарамды етеміз-деп отыр.

Айдын Ескенов, «Қазавтожол» ҰК АҚ облыстық филиал директоры:

Көкпекті мен Тассай деген ортадағы 38 километр асфальт жоқ жерге, біразына асфаль. Қалғанынан қиыршық таспен, қыс уақытында жолдың үстімен жүретіндей белгілейміз.

6 жылда құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Сондықтан, жобаға түзету енгізіліп, қосымша қаржы қарастырылып жатқан көрінеді. Ал осыған дейін жол құрылысымен айналысқан 3 бірдей ірі отандық компания жұмыстан шеттетілген. Қылмыстық іс қозғалып, тексеріліп жатыр.

Ержан Жақып, тілші:

«Омбы-Майқапшағай» жолының «Қалбатау-Майқапшағай» бөлігіндегі тұрған мына белгіде, жол жөндеу жұмыстары 2017 жылдың 8 желтоқсанында басталғандығы нақты жазылып тұр. Ал жұмыстың аяқталатын мерзімі өшіріліп тасталған. Демек бұл жолдың қашан жөнделіп бітетіндігі белгісіз сыңайлы.


Хабарламаларға жазылу