Абай облысындағы тілсіз жауды ауыздықтау кезінде өрт сөндіруші қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысындағы тілсіз жауды ауыздықтау кезінде өрт сөндіруші қаза тапты

08.09.2022

Абай облысының Жарма ауданында болған дала өртін сөндіру кезінде төтенше жағдайлар қызметінің бір маманы қайтыс болды. Божықұр ауылдық округіне қарасты аумақтан шыққан қызыл жалынмен арпалысқан үш өрт сөндірушінің денесін қатты күйік шалып, емханаға жеткізілген. Кейінірек көлік жүргізушісі жан сақтау бөлімінде көз жұмды. Денесін күйік шалған бөлім командирі ауруханада жатыр. Оның да халі ауыр дейді дәрігерлер. Құтқарушылар мінген КАМАЗ көлігі де от ортасында қалып, толықтай жанып кеткен. Қазір Абай облысының бірнеше ауданында тілсіз жауды ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Мамандар мен жергілікті тұрғындар Аягөз ауданының Баршатас ауылы маңы мен Абай ауданы Көкбай ауылындағы өртпен арпалысып жатыр. Үржар ауданы төңірінегідегі тілсіз жау да әлі сөнбеген.

Мейірхан Тұраров, Абай облысы төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

Қазіргі уақытта мына Үржар ауданы мен Аягөз ауданында өртті өшіруге жеке құрам жұмыс істеп жатыр. Ең өрттің үлкен көлемі болған аумақ, Үржар ауданында. 5 мыңдай гектар жанды.

Ал Шығыс Қазақстандағы Алтай ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жариялануы мүмкін. 2 қыркүйекте Малеев ауылдық округінде басталған қызыл жалынның беті әлі қайтпаған. 800 гектар жер жанып кеткен. Орман өртінен 6,8 миллард теңге шығын келді. Таулы аумақ болғандықтан, қазір өртті толықтай сөндіру мүмкін болмай отыр.


Хабарламаларға жазылу