Орталық Азиядағы жалғыз кәсіпорын өндірісін кеңейтуді көздеп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азиядағы жалғыз кәсіпорын өндірісін кеңейтуді көздеп отыр

06.09.2022

Алматыдағы көзілдірік линзаларын шығаратын, Орталық Азиядағы жалғыз кәсіпорын өндірісін кеңейтуді көздеп отыр. Оған түрткі - Президент Жолдауында айтылған жеңілдетілген несие. Мемлекет қолдауының арқасында өнімдерін шетелге шығару жоспары бар. Жалпы мегаполисте жыл сайын кәсіпкерлер саны артып келеді.

Көздің көру қабілетіне қарай бұл цехта линзаның түр-түрі дайындалады. Зауыт неміс технологиясымен жұмыс істейді. Компания линзамен қатар медициналық құрал-жабдықтар әзірлеп, оны тасымалдайды. Жер-жерде көзілдіріктер сататын сауда желілері де бар. Бірақ кәсіпорын мұнымен шектеліп қалмай, өндірісті кеңейтуді қолға алмақ.

Еркен Арыстанбек, кәсіпкер:

Президентіміздің жолдауында айтылған жас кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасын естіп біз қуанып қалдық. Несие алып, жаңа технология сатып алып, жаңа жұмыс орындарын ашып сонымен қатар өзіміз шығаратын өнімдерді шет елдерге шығаруды жоспарлап отырмыз.

Бизнесін көркейтуді көздеген Еркен сияқты іскер саны Алматыда жыл санап артып келеді. Республика бойынша ең көп жас кәсіпкер осы шаһарда тіркелген. 33 мыңнан астамы өз ісін дөңгелетіп отыр.

Қалибек Ақылбеков, «QOLDAY» кәсіпкерлік орталығы бас директорының міндетін атқарушы:

Алматы қаласында негізінде миллионнан астам экономикалық активті тұрғын бар. Олардың 40 пайызы жастар болып саналады. Сол жастардың несиені алуға мүмкіндігі бар, яғни өзінің ұнатқан бизнесін жүргізуге, сол мүмкіндікті кеңінен пайдалана алады.

Банктерде триллиондаған қаржы экономикаға еш пайдасын тигізбей, босқа жатыр. Ал шағын және орта бизнесті қаржыландыруға 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді. Осылай деген Президент несие ресурстарының тапшылығын жоюды тапсырған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді.

Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көп. Бірақ жобаларды іске асырудың тетіктерін реттеу керек дейді, экономист Мақсат Халық.

Мақсат Халық, экономист:

Жеңілдетілген несие керек. Қазіргі уақытта. Бірақ менің ойымша, оператор ретінде екінші деңгейлі банктерді сызып тастаған дұрыс. Бұл жерде арнайы қаржылық ұйымдар, соның ішінде шағын несиелік ұйымдардың қызметін пайдаланған дұрыс деп ойлаймын. Сол кезде белгілі бір дәрежеде бұл қаражат жүйелі түрде игеріле басталады деп есептеймін.

Қазір Еркен Арыстанбек алдағы жоспарын түзіп жатыр. Себебі, жас кәсіпкер мемлекет қолдауының арқасында бизнесінің кеңейе түсеріне сенімді.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу