Жайылым жерлер халыққа қайтарылсын! Түркістан облысы, Төлеби ауданының тұрғындары билікке осындай талап қойды. Төрт түлікті жаятын жер жоқ деген халық Президент Жолдауынан кейін нақты шешім қабылданады деген үмітте. Ауданда өндіріс орындары некенсаяқ, жұрт тек малмен күн көріп отыр. Ал түлігіне жыл бойы жем-шөп тауып беру қарапайым шаруаға оңай емес.
Қасқасулықтар мал жаюдан қалдық дейді. Сондықтан қамап ұстауға мәжбүр. Елдімекен іргесіндегі жайылым жерлер демалыс орындарына айналып кеткен. Мал жаятын жер қалмады. Малды өріске шығаратын жер жылдан жылға азайып барады. Ал оны иемденіп алғандар тіпті өзен жағалауына дейін қоршап тастап, мал суарудың өзі мұңға айналған.
Мақұлбек Сәрсенбиев, ауыл тұрғыны:
Біздің ауылдың малы жасыратыны жоқ осы жердегі екі километр жерге барады асфальттің жағасымен. Қайтып келеді. Басқа жайылым жоқ. Ана таудың бәрін жекелер алып қойған. Халық жайында ойлап жатқан ешкім жоқ сияқты. Өз күнімізді өзіміз бәрдеңе қылып көрмесек, жайылымдарыңыз қайда деп сұрап жатқан адам жоқ бізден.
Ерлан Бексейітов, ауыл тұрғыны:
Қолдарында гос актісі бар арнайы шешімдері бар. Не халықтың малын жайғызбайды. 30-40-50 гектарлап қоршап алғандар бар. Аудан әкіміне де айтып жатырмыз, ауыл әкіміне де айтып жатырмыз. Біз неше мәрте халықтың атынан ұсыныспен шықтық. Бірақ нәтиже болып жатқан жоқ.
Төлеби ауданы тұрғындарына мал санына шаққанда 660 мың гектардай жайылым керек. Ал аудандық жер қорында небәрі 70 мың гектардан астам жайылым бар.Оның басым бөлігі жекенің қолында. Президент Жолдауынан кейін әкімдіктегілер өндірістік кооператив басшыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ортақ келісімге келді. Кооператив қарамағындағы жерлерді енді ауыл тұрғындары да пайдаланатын болды.
Омарбек Есмырзаев, Өндірістік кооператив төрағасы:
Мына Успеновка елдімекенінде 162 гектар, мынау Сайрам судың бойында 103 гектар, ауылдың бетінде 172 гектар. Барлығын қосқанда 478 гектар. Сөйтіп ауылдық округтің қарамағына өтіп жатыр енді бұл жер.
Өткен жылы 8,5 мың гектар жер аудандық қорға қайтарылған. Ал жыл басынан бері 5600 гектар жер мемлекет меншігіне өтті. 177 азаматтың 6500 гектар жерді мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталған. Жергілікті билік бұл жерлерді сот арқылы қайтаруды көздеп отыр.
Лесбек Серікбаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары:
Жайылым жерлерді басқару схемасын бекітіп алдық. Сол басқару схемасына сәйкес бізде 70254 гектардың 34 мың гектары ауданның ортақ жайылымына кіріп отыр. Халықтың қажеттілігіне қарай сол азаматтардың иелігіндегі жерді біз мемлекет мұтаждығы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару мүмкіндігі туып отыр.
Әкімдіктегілер жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары нәтижелі екенін айтады. Ауылдарды аралап, түсіндірме жұмыстары жүргізілген соң қожалық иелері мен кәсіпкерлер жерін аудандық қорға өткізе бастапты. Ал, Қасқасу ауылының жерлерін мамандар жақын арада қайтарамыз деп отыр.
Айнұр Ақбаева