Украинада қиян-кескі ұрыс оңтүстікке ойысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинада қиян-кескі ұрыс оңтүстікке ойысты

04.09.2022

Украинада қиын-кескі ұрыс оңтүстікке қарай ойысты.

Соғыстың екі жүзінші күнінде Украина қарымта шабуылға тас-түйін дайындалып жатыр. Батыс берген қуатты қару-жарақпен Украина әскері елдің оңтүстік аудандарындағы көпірлерді, оқ-дәрі қоймалары мен темір жолдарды атқылап, осылайша Ресей басып алған 20 процент жерін қайтарып алу үшін жан беріп, жан алысып жатыр. Украина билігі 50 мыңға жуық ресей жауынгері жан тапсырды,- деп ресми мәлімдейді. 

Украина мен Ресей арасындағы қатты ұрыс соңғы апталарда Днепр өзенінің бойындағы Запорожьеден Херсонға дейінгі аймаққа ойысты. Украина билігі бұл соғысты қысқа дейін бір жақты қылуға қатты жанталасып жатыр. Өйткені биыл Украинаны отыз жылда болмаған ең ауыр қыс күтіп тұр. Қазірдің өзінде мемлекет қарулы қақтығыстың кесірінен оннан астам гигаватты қамтитын қуат көзінен айырылды. Ең қиыны – орыс әскерлері басып алған Энергодар қаласын Украина меншігіне қайтару болып тұр. Дәл осы қалада Запорожье Атам Электр станциясы мен Запорожье Жылу Электр Станциясы орналасқан. Қысқа дейін бұл нысандар Украина меншігіне қарамаса, бұл қыста мемлекет жылудан қатты тарығатын түрі бар.

Владимир Омельченко, Разумков орталығының энергетика және инфрақұрылымдық бағдарламалар бөлімінің директоры:

«Энергодар» қаласын қалайда Украинаға қайтарып алуымыз керек. Ол өңірде біздің ең мықты қуат өндіретін құрылым орналасқан. Олай болмаған күнде Украина электр энергиясын Еуропадан үш есе қымбат бағамен сатып алуға және тасымалдауға мәжбүр болады. Елдегі энергетикалық құрылымдар зымыраннан сақтануы керек. Украина БҰҰ нан әсіресе, атом электр станцияларын қорғауға мүмкіндік беретін кешенді сұрап отыр.

Жалпы оңтүстікке ойысқан ұрыс – Украинадағы соғыстың жаңа кезеңге аяқ басқанын ап-анық көрсетті,- дейді майдан сарапшылары. Херсон қаласы үшін болатын ұрыстың өзі - соғыста шешуші рөл атқаруы мүмкін. Соңғы бір аптада ғана Украина артиллериясы мен алысқа ататын HIMARSы- Херсон облысындағы Ресейге көпір қызметін атқарып келген стратегиялық маңызы бар нысандардың күлін көкке ұшырды. Оған қырымдағы оқ дәрі қоймасын қосыңыз. Мұның бәрін әсіресе Киевтегі млндаған халық қалт жібермей, қадағалап отыр. Киевтегі көңіл күйде қатты өзгерген. Халық жеңісті жақын деп біледі.

Жалпы жаңа қарымта шабуылда екі елдің де төзімі сынға түсетін шақ туғанға ұқсайды. Екі елдің де күші сарқылған, әскерінің саны азайған. Астана адамдары жеңіс жақын дегенмен, ұрыстың қалай-қалай өрбитінін уақыт қана көрсетіп бермек.

Хабарламаларға жазылу