Басты Жаңалықтар «Ақ жол» партиясында беделді азаматтар жеткілікті – Азат Перуашев

«Ақ жол» партиясында беделді азаматтар жеткілікті – Азат Перуашев

Күзде кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бесінші жолдауында өзінің өкілетті мерзімін қысқартуға дайын екенін және күздегі сайлауға қатысатынын мәлімдеді.

Елді елең еткізген тағы бір ұсыныс: Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық 1 мерзіммен шектеу. «Енді Қазақстанда жаңа «саяси дәуір» басталады» деп айта аламыз ба? Өйткені посткеңестік аймақта президенті билік тізгінін 1 мерзімнен артық ұстай алмайтын жалғыз мемлекет пайда болмақ. Бұл тізімге басқару жүйесі парламенттік Арменияны қоспадық. Қырғызстанда 2010 жылдары бір адамның президент ретінде қатарынан екі рет сайлануына тыйым салынған еді. Бірақ көршіміз бұл шектеуді қайта алып тастады. 

Алашапқын басталды. 1 үміткер белгілі: ол – Тоқаев. Енді «қалғаны кімдер?» деген сұрақ туындайды. Берік Хасенов есімді әріптесім Фейсбукке «Халық ұйықтайды, Қосановтар оянады» деп жазып қойыпты. Әрине, Қосановтармен қоса азаматтық қоғамның да оянғанын қалаймыз. Сана жаңғырса екен дейміз. Ал Қосановқа келсек, 2019 жылғы сайлаудан кейін біраз үнсіз қалып еді. Саяси науқан туралы естіген соң, әлеуметтік желіге былай деп жазған: «...мен 2019 жылы бар ресми процедурадан өткенмін. Иә, Әблязов, Қажыгелдин, тағы басқа ескі оппозиция мені қаралады, бірақ ертең басқа билік қарсыласын тіркесе, қолдаймын. Тіркемесе, президенттікке ұсынылып, тіркелуге мен дайын, өйткені тіркелу үшін заң жағынан мінсізбін». Қоғам белсендісі Арман Шораев та үндеу жариялап, азаматтарды бірігіп, бір кандидатты ұсынуға шақырып отыр.

Ал Нұрсұлтан Назарбаев бұл сайлауға қатыса алмайды. Мұны Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова айтты. «Республикалық референдумда Конституциядан тұңғыш президентке екі реттен артық президент болуға мүмкіндік беретін талап алынып тасталды. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев өз кандидатурасын ұсына алмайды»,- деді вице-министр.

Жаңа есімдер пайда бола ма екен? Қалай дегенмен, осы күз қызық әрі «температурасы жоғары» мезгіл болайын деп тұр. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын.
1 сағатқа созылған жолдаудың соңғы минуттарында айтылған осы ұсыныс қоғамда оған дейін айтылған ұсыныстар мен тапсырмалардан көбірек талқыланып кетті. Ресми түрде парламенттегі оппозиция саналатын партия басшысы тіпті жолдаудың өзі осы бастамаға ыңғайланған деп есептейді.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Негізі бүгінгі жолдауды Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы деуге болады.

Азат Перуашев, алайда, қапелімде Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы сайлауға кім түсетінін айта алмады.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Тоқаевтың беделі өте жоғары. «Ақ жол» партиясында Тоқаев сияқты адам бар деп айта алмаймын, себебі ол Мемлекет басшысы ғой. Бірақ беделді азаматтар жеткілікті. Бұл шешімді тек қана партиямыздың құрылтайы шешуі мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау жариялаған бетте, Президенттің 2019 жылғы сайлаудағы бас қарсыласы Әміржан Қосанов әлеуметтік желі арқылы кандидат болып тіркелуге дайын екенін мәлімдеп үлгерді. «Тіркелу үшін заң жағынан мінсізбін» деп жазды Қосанов. БЕЙНЕҚОР (2019 ЖЫЛ) Заң жағынан мінсіз болса да, репутация деген тағы бар. Қосановтың жазбасын сол сәтте қатаң сынға алғандар көп болды. Біраз уақыттан соң ол фейсбуктегі жазбасын өшіріп тастады. АЛМАТЫ Ал «ХАҚ» саяси қозғалысының жетекшісі оппозициялық блок ортақ кандидатын праймериз арқылы анықтайтынын айтты.

Тоғжан Қожалы, «Хақ» саяси қозғалысының жетекшісі:

Бұл тек бір кандидатура болмайды. Бірнеше кандидатура болады. Соның ішінде әйел адам болуы да мүмкін. Солардың арасында біз сайлау праймеризін өткізетін шығармыз. Праймеризден қай кандидатымыз өтсе, сол кандидатты бірыңғай болып, бүкіл оппозиция қолдаймыз.
Ел ішінде «Кімдер үміткер болады?» деген талқымен қатар, Президент өкілетіне қатысты мәселе қатар талқыланып жатыр. Мемлекет басшысы президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынбақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын сайлаудан кейін Парламенттің қарауына ұсынамын.

Президент «бұл норманы парламент сайлаудан кейін қараса» деді. Сол идея ел ішінде түрліше талқыланып кетті. Сондықтан Мәжілістегі «Жаңа Қазақстан» депутаттар тобы мәлімдеме жасап шықты.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Егер президентті кезектен тыс сайлауды 5 жылға сайлап, содан соң 7 жылдық мерзімді енгізетін болса, онда қазіргі президенттің үшінші мерзімге сайлануына құқықтық негіздер пайда болуы мүмкін деген әртүрлі алыпқашпа пікір айтылуда. Сондықтан қазіргі президент 5 жылдан кейін тағы да 7 жылға баруы мүмкін деген күмәнді сейілту үшін биыл бірден 7 жылдық мерзімге сайланғаны дұрыс болар еді деп ойлаймыз.

Сонда құқықтық коллизия туындамайды дейді Жаңбыршин. Қалай болғанда да, мәселе жақын арада қабылданатын заңдардан соң белгілі болады. Ал неге 7 жылдық бір мерзім?

Мейрамбек Төлепберген, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

7 жыл аз уақыт емес және киелі сан ғой. 

Саяси прагматизмде киелі сан деген ұғым жоқ.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Саяси дәстүр болды, бұрынғы президентіміз бір-екі рет өзінің межесін созған болатын, басқа еткен болатын. Кейбір елдерде осындай, авторитарлық елдерде, бір ғана мерзіммен шектеу деген мәселе бар. Бір рет қана сайланатын болғандықтан, саяси курсты өткізуге, қалыптастыруға, мемлекеттің тұрақтылығын, конституциялық механизмдердің орнықтылығын қамтамасыз ету үшін бір реттік мерзім жетіп жатыр.

Мемлекеттік кеңесші де телеграмдағы арнасында бір реттік мерзім билікті монополизация жасауға қарсы қадам деп түсіндірді.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасы, ең алдымен, саяси жүйені тұрақтандыруға, билікті монополиялап алу қатерін жоюға және демократияның негізгі қағидаларын бекітуге бағытталған.

Пост кеңестік елдерде суперпрезиденттік басқару жүйесін шектеуге қатысты мұндай қадамдар жиі жасалады. Оның Президент өкілетін азайту, парламенттің рөлін күшейту сияқты көптеген жолдары бар. 2010 жылдары Қырғызстанда да президент өкілеті 6 жылдық бір мерзіммен шектелген еді.

Әділ Тұрдұқұлов, қырғыз сарапшысы:

Бірақ одан кейін келген билік, қазіргі президент Садыр Жапаров, өзінің логикасына таянып, «жоқ, бір мөөнөт жетіспейді, пландарды іске асырғанғанға, реформа жасағанға, сондықтан екі мөөнөт керек» деген тиянақ шығарған. Одан тысқары, бір мөөнөт президент өзі үшін ғана істеп бастайды деген ойлар да болған.

Президент сайлауы көбіне тосын жаңалық болса, мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы жақын арада өтетінін сарапшылар болжап жүрген. Президент оны ендігі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынды.

Алуа Жолдыбалина, ҚСЗИ директорының орынбасары:

Көп сарапшылар парламент сайлауы болатынын болжады. Бұл жерде былай, конституцияға өзгеріс енгізілді, жаңа конституция болғаннан кейін парламентті соған сай жасақтау керек. Бір жағынан бұл саяси партияларға мүмкіндік. Парламентте 29 адам бір мандатты округ бойынша келуі керек. Яғни өздерін өзі ұсынып, кандидат ретінде.

Данияр Қайыртай, тілші:

Сонымен, осы күзде – президент, ал келер жылдың шілдесіне дейін мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Сосын Үкіметтің жаңа құрамы жасақталады. Демек 2023-те Қазақстанның саяси жүйесі мүлде басқа сипатта болады.

Данияр Қайыртай
Бөлісу