АҚШ апта сайын коронавирустан жүздеген адамын жоғалтып жатыр. Осы кезге дейін жұқпалы індеттен көз жұмғандар саны миллионнан асты. Қазір бізбен меншікші тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы байланыста. Жалғас Байден әкімшілігі күрделі эпидаухалға қарамастан қатаң тәртіпті жеңілдетіп жатқаны рас па?
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Қатерлі вирустың қарқынды таралуына қарамастан ел билігі де, өңірлер де қатаң шектеулерді алып тастап жатыр. Байден әкімшілігі пандемияның «өткір фазасынан» өттік деп мәлімдеп, осы күзден бастап мемлекет есебінен вакцина, жедел сынамалар сатып алып халыққа тегін таратуды тоқтатпақ. Ал, кейбір штаттар қоғамдық орындарда маска тақпауға рұқсат беріп, бақылауды босаңсытты.
Дегенмен, көптеген сарапшылар мұндай ұстанымның орасан зор салдары болады деп билікті сынға алып жатыр. Себебі, күн сайын жүз мың адам кеселді жұқтырып, жарты мың адам көз жұмады. Ал, індетке шалдыққандардың жалпы саны 95 миллионға жуықтап қалды. Брукингс институтының зерттеуіне қарағанда, ковид кесірінен денсаулығы нашарлаған төрт миллион адам жұмыссыз қалған. Бұл АҚШ-тағы еңбекке жарамды халықтың шамамен 2 жарым пайызы. Жалпы, Америка Құрама Штаттары пандемиядан ең көп азаматынан айырылған ел саналады, қайтыс болғандар саны екі жарым жыл ішінде бір миллион қырық мыңнан асты. Яғни, әлем бойынша індеттен көз жұмғандардың 16 пайызы Америкаға тиесілі.