Жастарға 2,5 пайызбен несие беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастарға 2,5 пайызбен несие беріледі

01.09.2022

Кәсіпкерлікпен айналысамын деген жастардың бастамаларына мемлекет барынша қолдау көрсететін болады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыздан аспайтын шағын несие беріледі. Бүгінгі Президент Жолдауын мұқият тыңдаған Шымкент қаласының белсенді азаматтары қоғамда болатын бірқатар өзгерістерді қуана құптады.

Жолдауда елімізде шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейтіні айтылды. Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге қаржы экономикаға еш пайдасын әкелмей босқа жатыр. Президент мемлекеттік экономикаға шектен тыс араласуын шектеп, азаматтарды кәсіпкерлікке ынталындыруды тапсырды. Сондай-ақ енді еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға да қолдау болады.

Рәшкүл Оспаналиева, кәсіпкер:

Субсидия мәселесі ауылшаруашылығындағы. Бұрын әркімге беретін, қадағаланбайтын. Қазір оны да айтып жатыр. Кәсіпкерлерге субсидия берген соң сол өнімді шығарып, халыққа пайдасы тисе. Оларға қолдау болады.

Тағы бір оңды өзгеріс, игерілмей жатқан немесе кезінде заңсыз берілген 5 миллион гектер жер жыл соңына дейін мемлекет меншігіне қайтарылады. Тағы осыншама көлемдегі жер әлі күнге бос жатыр. Үкімет пен әкімдіктерге оған қатысты шешім қабылдап, әрекет ету міндеті жүктелді.

Шалатай Мырзахметов, қоғам қайраткері:

Ешуақытта жерді шетелдікке сатуға, қоспа құрылымдарға сатуға болмайды. Референдум оны қолдады. Сондықтан бұл кісі де өз сөзінде оны заңдастырып, бекітіп тастаймыз деді. Халық жерден айырылып қалмауы керек.

Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы шашыраңқы мәліметтер енді цифрлық платформаға жинақталады. Осылайша, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істейтын болады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу