Сыр елінде биыл 6 мектеп ел игілігіне беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр елінде биыл 6 мектеп ел игілігіне беріледі

26.08.2022

Сыр өңірінде биыл жаңадан 6 мектеп ел игілігіне беріледі. Олардың дені инвесторлардың қаржысына салынып жатыр. Ал жаңа оқу маусымы қарсаңында Арал ауданындағы №262 мектеп-гимназиясына облыс әкімінің 34 миллион теңге гранты табысталды. 

Биыл облыс бюджетінің 40 пайыздан астамы білім саласына бағытталып, бөлінген қаржы 200 миллиард теңгеден асты. Әсіресе, өңірде демографиялық өсім жоғары. Жыл сайын мектепке баратын балалардың саны еселеп артып, жаңа білім ошақтарының қажеттілігі туындауда. Жергілікті билік инвесторлар тарту арқылы бұл мәселені де оңтайлы шешудің жолын тауып отыр.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

Бүгінгі күні демеушілердің өз қаражатына салынған жеке мектептердің желісі 20-ға жетті. Алдағы жылдары инвестор есебінен тағы 12 мектеп салынатын болады. Ал, биылдың өзінде облыста 6 жаңа мектеп бой көтереді.

Жалпы аймақтың білім саласы өткен оқу жылын толайым табыспен аяқтады. Биыл ҰБТ тапсырған түлектердің 75 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. Ал өңірдің ең үздік білім ордасына облыс әкімінің қомақты қаржылай сыйақысы берілді.

Руслан Сисенов, №262 Мектеп гимназиясының директоры:

Бұл 34 миллион теңге біздің Арал ауданының ұстаздарына, соның ішінде мектеп гимназия мұғалімдеріне берілген үлкен сенім деп білеміз. Қаржыны біз мектептің техникалық базасын нығайтуға жұмсаймыз.

Тамыз конференциясында ұлағатты ұстаздар ұлықталып қана қоймай, бүгінгі күннің батыры атанған 15 жасар Арман Аманжоловқа да сый-құрмет көрсетілді. Ол бірер күн бұрын кәріз құдығына құлап кеткен 2 жасар бүлдіршінді құтқарып, елдің сүйіспеншілігіне бөленген еді. Енді міне, Арал ауданы, Бөген ауылынан қалаға арман қуып, оқуға түсуге келген бозбалаға облыс әкімі көптің қошеметімен 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.

Арман Аманжолов

Алдымда бір бала мен бір келіншек келе жатқан. Баласы құдықты басып қалып ішіне түсіп кеткен. Артында келе жатқан мен болдым. Ішіне түсіп алып шығуды жөн көрдім. Қазір қуаныштымын, осындай қолкөмек көрсетіп жатқан ағаларыма көп рақмет.

Келелі жиында ағарту саласының ардагерлері де ардақталды. Төлепберген Қасымов пен Марк Подольски Қызылорда облысының «Құрметті азаматы» атағын иеленді.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу