Көлік қат: Алматыға қарасты ауыл тұрғындары наразылықтарын жеткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көлік қат: Алматыға қарасты ауыл тұрғындары наразылықтарын жеткізді

24.08.2022

Алматы іргесіндегі бірнеше ауылдың тұрғындары жұмыстарына жете алмай әлек: қоғамдық көлік жоқ, такси тоқтату мұң. Қалаға қатынап жұмыс істейтін халық екі аптадан бері діттеген жеріне жете алмай отыр. 

Шағым айтуға жиналған халық қара жаяу қалдық дейді. Ауылға қатынайтын екі бағыттағы қоғамдық көлік екі аптадан бері жолға шықпаған.

Аңсатбай Қосиев, қосөзен ауылының тұрғыны:

Таңертең кетуі бар, кешке келуі бар қиын ғой. Мына тұрған Қосөзенге бара алмай отырмыз. Дәрігерге көрінейік десек соның өзінде машина жоқ. Жолда машиналар алмайды. Автобус болса қандай жақсы. Бізге айтып еді 2-3 күн ғана автобус болмайды деп. 2-3 күн емес міне 15 күнге жақындап қалды. Автобус әлі жоқ.

Ауыл халқының 80%- ы Алматыға қатынап жұмыс істейді. Автобустың жоқтығынан бірі шаруасынан қалса, енді бірінің таксимен шығуға қалтасы көтермейді.

Бақыт Досжанова, Қосөзен ауылының тұрғыны:

Байсеркеге дейін қазір такси 250 теңге алады. Ары қарай Саяхатқа дейін 500 теңгемен барады адамдар. Оның арғы жағында Әл-Фараби жағында істейтіндері бар арғы жағында тағы таксиге отырады. Баруына 1500, келуіне 1500 теңге ақша кетеді. Бір үйден 4-5 адам қалаға қатынайды. Оның екеуі студент.

Қараой ауылдық округінің әкімі бұл мәселеден хабардар. 433-ші және 432-інші бағыттағы автобустарға жауапты компания Алматы қаласына қарайды. Бар мәселе жанар-жағармайдың тапшылығынан туындап отыр дейді.

Айдос Таженов, Қараой ауылдық округінің әкімі:

Дизель отынының жоқтығына байланысты енді Қазақстан бойынша жоқ болды ғой. Сол себепті тоқтатқан болатын. Қазір біз өз тарапымыздан аудан, облыс арқылы хаттар жіберіп жатырмыз. Кешеден бастап дизель отыны бар. Маршрутты қайтадан орнына қоюуын сұрап жатырмыз.

Автобус паркінің өкілдері жұмыс орнында болмай шықты. Шалған қоңырауымызға да жауап бермеді. Ауылға қатынайтын қоғамдық көліктер әзірге қаңтарылып тұр. Округке қарасты үш елді мекен мен 20 саяжайда 15 мыңнан аса халық тұрады. Тұрғындар жаңа оқу жылы басталғанша мәселе шешілмесе, басқада шараларға барамыз деп бекініп отыр.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу