Алматылықтар Тамара Қосыбаеваны ақтық сапарға шығарып салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылықтар Тамара Қосыбаеваны ақтық сапарға шығарып салды

18.08.2022

95 жасқа қараған шағында демі үзілген Тамара Қосыбаева театр сахнасында жүздеген рөлді сомдады. Өкініштісі - өз заманында аншлагпен өткен спектакльдер таспаға түсірілмеді. Бірде-бірі сақталмай қалған. Ол күндерден қалған естелік - мына көне суреттер ғана. Баян Сұлудың бейнесін шебер сомдағаны үшін халық арасында «қазақтың хас сұлуы» атанды.

Лидия Каденова, ҚР Еңбек сіңірген артисі:

Сырты қандай сұлу болса, ішкі жан дүниесі, бәрі сондай сұлу адам еді. Кәдімгі анамдай болды бұл кісі. Өте мейірімді, ақылды, ұстамды. Табиғи интеллигент болады ғой кей адамдар. Балаларын да солай өсірді. Білім берді.

Тамара Қосыбаева кинода ақ жаулықты аналардың образын көркем бейнеледі. «Шоқ пен Шердегі» Шердің анасы, «Жамбылдың жастық шағындағы» Бұрымның әжесі, «Шаңырақтағы» Хадиша, «Доланадағы» Райхан сияқты 30-дан аса рөлді сомдады.

Бүгін Алматы жұртшылығы марқұмды ақтық сапарға шығарып салды. Қаралы жиынға театр және кино әртістері, зиялы қауым өкілдері, қала халқы мен өнерсүйер қауым қатысты. Жиналғандар Тамара Қосыбаеваның өнері мен өмірі туралы естеліктер айтты.

Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның халық артисі:

Осы кісілердің сахнадағы ойындарын көріп, буын бекіттік. Бұл бір ғажап орта еді. Ол кісінің тазалығы, өнерді арым деп қабылдаған аналардың бірі еді.

Қазақ өнерінің аяулы анасы Тамара Қосыбаеваның шығармашылық жолы - жас ұрпаққа үлгі.

Ұлттық өнерге өлшеусіз үлес қосқан абыз ананың есімі мәдениет тарихында алтын әріптермен жазылып, көрерменнің жадында мәңгі қала бермек.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу