Санкция салдары: Ресейде азық-түлік карточкасы енгізілуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санкция салдары: Ресейде азық-түлік карточкасы енгізілуі мүмкін

15.08.2022

Ресейде азық-түлік карточкасы енгізілуі мүмкін. Өйткені санкция салдарынан 85 өңірде баға шарықтап кетті. Шетелдік компаниялардың жұмысы тоқтаған соң ішкі өнідіріс пен тауар тасымалы азайған. Қазір елден еңбек мигранттары да қайтып жатыр.

Талайбек Ақылбеков 15 жылдан бері Мәскеуде жұмыс істейді. Көше сыпырып, осыған дейін айына 65 мың рубль тауып жүрген. Бірақ қазір еңбекақысы 40 пайызға азайып қалған.

Талайбек Ақылбеков, еңбек мигранты: /Қырғызстан/
Бәрі қымбаттап кетті, ақшамыз жетпейді. 40 мың рубльге пәтер жалдаймыз. Төлейтін несием бар. Азық-түлікке ақша қалмайды. Өміріміз қатты өзгерді. Енді еліме қайтамын деп шештім.

Ресейде 25 миллион адам кедейшілік жағдайында өмір сүреді. Бұрын ішкі нарықта Еуропадан келген азық-түлік көп болды. Бірақ логистика бұзылып, көп елмен қатынас үзілді. Қарақұмық, қант, ұн, май сияқты азық-түлік бағасы 100 пайызға дейін қымбаттаған.

Ел билігі азық-түлікті сатып алуға субсидия беру мәселесін талқылап жатыр. Тұтынушылар Одағы жәрдемге мұқтаж 14 млн адамға көмек керек деп дабыл қағуда. Бұл үшін жыл сайын 200 миллиард рубль керек.

Сарапшылар санкция салдарымен күресуге кем дегенде он жыл кететінін мойындады. Әлемде салынған шектеулер бойынша бірінші орын алатын Ресейдің экономикасы 7 не 15 пайызға құлайды деген болжам бар.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу