Жыл басында қолданысқа берілген соя бұршақтарын өңдейтін зауытта құрылғыларды жуған шайынды су мен кәріз қалдықтары осы шұңқырға төгіліп келген.
Мына таспа осыдан бір апта бұрын түсірілген. Көлшіктен шыққан иіс желмен ауылға тарап, тынысымызды тарылтты дейді наразы халық.
Қайрат Сатқұлов, ауыл тұрғыны:
Кешке далаға шыға алмаймыз. Қатты исі шыққанда есікті жауып аламыз болды. Үйде кішкентай бала бар. Есікті жауып, желдеткішті қосып, сонымен отырамыз.
Зағила Құдайбергенова, ауыл тұрғыны:
Зауыттың директорын шақырдық, әкімдер олардың орынбасарлары келді. Сол кезде осы мәселе қозғалды. Өздері келді, көрді, бұлардың бізге берген сөзі мына шұңқырды жабамыз деді.
Осыдан бірнеше күн бұрын шұңқыр көмілген бірақ, толықтай емес. Сондықтан жел тұрса, немесе жаңбыр жауса қолқаны қабатын иіс қайтадан ауаға тарайды. Тұрғындар шағымданған соң облыстық экология департаментінің мамандары келіп, тексеріс жүргізген және заңбұзушылықты анықтап зауыт басшыларына айыппұл салған.
Александр Ушаков, зауыттың техникалық директоры:
Орталық кәріз жүйесінде апат орын алды. Сондықтан кәріз қалдықтарын осында ағызуға мәжбүр болдық. Біз өз қателігімізді мойындаймыз. Ешкімнен рұқсат алмай қалдықтарды ашық шұңқырға ағыздық. Қазір олқылықты түзету үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр.
Санитарлық-эпедимиологиялық бақылау департаменті ауылдағы ауаның құрамын тексеріпті. Айтуларынша адам өміріне зиянды заттар анықталмаған.
Жанболат Сұлтанбек, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
Біз Ұлттық сараптама орталығының мамандарын шақырған болатынбыз. Атмосфералық ауа құрамының қалдықтарын тексеру үшін. Қорытындысын 1 тамыз берді. Осы жерде ешқандай зиянды қалдықтар жоқ деп берді. Шекті деңгейден өтпеген.
Халық қорытынды нәтижесімен келіспейді. Айтуларынша, жағымсыз иістің салдарынан сырқаттанған азаматтар бар. Зауыт маңайында Жаңаталап, Жаңадәуір және Ынтымақ сынды үш елді мекен бар. Аталған ауыл тұрғындары шұңқырға төгілген қалдықтар жерге сіңіп, жер асты суларын улай ма деп қорқады. Өйткені басым бөлігі тіршілік нәрін әлі күнге құдықтардан алады. Сондықтан Санитарлық-эпедимиологиялық бақылау департаментінен судың құрамын тексерулерін сұрайды.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Халық шұңқырдың толықтай көмілгенін қалайды. Бірақ, зауыт басшылары тұрғындардың талабын орындауға қаражат жеткіліксіз деп отыр. Десе де, аудандық әкімдік тиісті қардыны бөліп, бір аптаның көлемінде ойды толықтай тегістейміз деп уәде берді.
Нұрсұлтан Тілектес