АҚШ экономикасы рецессияға түсе ме? Бұл қазір сарапшылармен қатар
қарапайым америкалықтар арасында қызу талқыланып жатқан тақырып. Себебі, елдегі инфляция соңғы 40 жылда болмаған деңгейге жетті.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
АҚШ Еңбек министрлігінің дерегі бойынша маусым айында жылдық инфляция тоғыз пайыздан асты. Бұл 1981 жылдан бергі ең үлкен көрсеткіш. Яғни, қалыпты құнсыздану деңгейінен бірнеше есе көп. Бұрын екі пайыздың шамасында болатын. Сәйкесінше тауарлар мен қызметтер
құны шарықтады. Бұған біріншіден ковид кезінде трилиондар халыққа таратылып, экономикада ақшаның тым көбейіп кетуі әсер етсе, екіншіден Ресей мен Украйна арасындағы соғыс пен Ресейге салынған санцияның салдары мұнай газдың бағасын шарықтатып, елдегі әрбір секторға тікелей
әсер етті. Бағаны тұрақтандыру үшін ақш стратегиялық қорындағы қара алтынын қолдануға мәжбүр. Нәтижесінде бензин бағасы біршама тұрақтанғандай. Десе де бұл уақытша қадам дейді сарапшылар. Себебі, қыс жақындаған сайын әлемдегі энергетикалық дағдарыс күшейе түспек.
Яғни, мұнай бағасы шарықтаса ақш-тағы инфляция он пайыздан асып кетуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін федералды резерв жүйесі жылдық пайыздық мөлшерлемені кеше тағы көтеріп, екі жарым пайызға жеткізді. Биылдың өзінде төртінші рет өзгертіп отыр. Осылайша айналымдағы ақша массасын азайту арқылы құнсыздануды тежемек. Бұл бір жағынан несиені қымбаттады. Яғни, халықтың арзан пайызбен қаржы алуы қиындаған соң, жаңа жұмыс орындарының ашылу қарқыны да бәсеңдейді. Тіпті тұрақты істеп тұрған бизнес тұралап, мыңдаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін
дейді мамандар. Соған қарамастан федералды резерв жүйесі инфляцияны тежеу үшін несие мөлшерлемесін тағы да көтеруге әзір. Бұл ел экономкасын рессесияға әкелуі мүмкін. Оған алғышарт та жоқ емес. Биыл екінші тоқсан қатарынан ішкі жалпы өнім төмендеген. Алайда, Ақ үй басшысы даму қарқынының бәсеңдеуін қалыпты жағдай деп мәлімдеді. Әрі, ел экономикасында ешқандай құлдырау болмайтынына сенімді. Өйткені, ай сайын 350 мың жұмыс орны ашылып жатыр. Сондықтан халықты уақытша қиындықтан көп ұзамай еңсереміз деп сендіруге тырысып жатыр.
Жалғас Сәдібекұлы