Түркияның Ыстамбұл қаласында Украина мен Ресей астығын тасымалдауды реттейтін бірлескен үйлестіру орталығы ашылды. Бұл туралы келісімге өткен аптада Түркия, Украина, Ресей және Біріккен ұлттар ұйымының өкілдері қол қойған еді. Негізгі мақсат - соғыстың кесірінен Ресей мен Украина порттарында тұрып қалған 25 млн тоннадан астам астықты кемемен әлемнің өзге елдеріне жеткізуге мүмкіндік беру. Орталықта жұмыс істейтін Түркия, Украина, Ресей мен БҰҰ өкілдері бидай тиеген кемелердің Қара теңіз арқылы кедергісіз жүруін, және олардың бидайдан басқа ешнәрсе тасымалдамауын қадағалайды. Кемелер алдымен Ыстамбұл порттарына барып, ол жерде толық тексерілген соң ғана әлемнің өзге елдеріне жүзуіне мүмкіндік беріледі. Астық тиеген кемелер Ыстамбұлға осы аптаның аяғында қатынай бастайды.
Фред Кенни, БҰҰ-ның үйлестіру орталығындағы өкілі:
Орталықтың негізі мақсаты қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сауда кемелерінің емін-еркін жүзулері үшін барлық жағдай жасалады. Осы орталықты ашу туралы бастама әлемдегі азық-түлік дағдарысын болдырмау үшін жасалған ең маңызды қадам деп есептейміз. Біз бұл бағытта бірлесе әрекет етуіміз қажет.
Хулуси Акар, Түркияның қорғаныс министрі:
Орталықта Түркия, Ресей, Украина мен БҰҰ-ның әрқайсынан 5 өкілден жұмыс істейді. Мамандар барлық кемелері спутниктік байланыс жүйелері арқылы қадағалап отырады. Тараптар арасында қандай да бір мәселе туындаса ол БҰҰ-ның араласуымен шешіледі. Төрт тарап қол қойған құжат 120 күнге дейін жарамды. Алайда оның мерзімін ұзарту қажет болса ұзартамыз деп үміттенемін.
Айдос Әшімұлы