Алматыдағы құрылыс нысанында жұмысшы қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы құрылыс нысанында жұмысшы қаза тапты

27.07.2022

Алматыда 33 жастағы жұмысшы қаза тапқан нысандағы құрылыс жұмыстары бірнеше ай бұрын тұрғындар шағымынан соң тоқтатылғаны белгілі болды. Ал мерт болған жігіт орнатылған кранды бөлшектеп, қайта жинау жұмыстарын жүргізіп жатқанда 6 метр биіктіктен құлаған. Алған жарақаттар салдарынан сол жерде тіл тартпай кеткен. Екінші жұмысшысының жарақат алғаны белгілі болды.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға Жетісу шағын ауданында болған. Полиция биік кранның техникалық жағдайын, онымен жұмыс істеуге кім және қашан рұқсат бергенін анықтап жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Тағы бір маңызды жайт, бірнеше ай бұрын кран мұнарасы жақын маңдағы үйдің терезелері мен балконына тиіп кеткен екен. Тұрғындардың шағымынан соң құрылыс жұмыстары тоқтатылған.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу