Атыраудағы Теңіз мұнай кенішінде астан уланған 11 адам ауруханада жатыр. Оқиғаға қатысты тексеру басталды. Толық ақпаратты меншікті тілшіміз Жандос Темірғали тікелей байланыста баяндап береді. Жандос, ауруханадағы жұмысшылардың жағдайы қалай?
Жандос Темірғали тілші:
Нұргүл, қайырлы күн! Жұмысшылар Теңіз кенішіндегі асханада уланған. Мамандар жұмысшылардың ет тағамдарын жегенін айтты.Бастапқыда 33 жұмысшы дәрігердің көмегіне жүгінеді. Кейін, 11-інің денсаулығы нашарлап, сол күні Жылыой аудандық ауруханасына жатқызылады. Олардың іші ауырып, дене қызуы 38 ге дейін көтерілген, құсқан. Ақ халаттылар бұл науқастарға тағамдық токсикологиялық инфекция деген диагноз қойып отыр. 11-інің де жағдайы орташа ауыр деп бағаланды. Қазір аталған асхана уақытша жабылды.
Әлия Бекешева, облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Тергеу жұмысы барысында ішіндегі санитарлық норма талаптарының бұзушылықтары анықталып отыр. Ол жайлы қазіргі таңда жұмыс жүргізіліп жатыр. Тіркеу басталды. Жеке кәсіпкерге бұзушылықтар бойынша шаралар қабылданады.
Жандос Темірғали, тілші:
Астан уланғандардың бәрі сол ТШО-ға мердігер «Іскер» деген мекеменің жұмысшылары. Кеше эпидемиолог мамандар асханадағы тәуліктік тағамдардан сынама алып, Ұлттық сараптама орталығына жіберді. Алғашқы қорытындысы 3 күнде белгілі болмақ. Жалпы асханадан кеше бір уақытта 203 адам ауқаттанған. Қалған жұмысшылардан шағым жоқ әзірге. Осыған ұқсас оқиға Теңіз кенішінде өткен жылы да болды. Ол кезде кен орнының 15 қызметкері астан уланып, ауруханаға жатып шыққан еді.