Бұл Әлиханның кітап оқып, тапқан малы. Қолы қалт еткенде қозысының жағдайын жасайды. Суын, жемін береді. Арқандаулы орнын ауыстырады.
Әлихан Шілтербек, 6- сынып оқушысы:
Мені кітапханашы апай шақырып кітап оқысаң сыйлыққа қозы беремін деді. Басында сенген жоқпын. Кітап оқыған соң берді.
Осы байқаудан кейін 6-сыныпта оқитын бүлдіршін кітаптан бас алмайтын болды. Қазақ ертегілері жинағын, «Алтын сандық» кітабын тауысты. Бүгін мектеп кітапханасына барып, жаңа кітап жаздыртып алды.
Әлихан Шілтербек, 6-сынып оқушысы:
Кітап оқығанда адамның ойы көбейіп, тіл байлығы артып, ақылды бола бастайды. Қазір мен кітап оқуды әдетке айналдырдым.
Таңертеңнен кешке дейін ұялы телефонға шұқшиып отыратын, ата-анасының көзі таса болса іргедегі өзенге шомылуға зып беретін балалардың дені қазір ауыл кітапханасын жағалайтын болды. Уақыт тапқаны осында отырып оқиды, болмаса үйге алып кетеді. Аядай кітапханада 9 мыңға тарта кітап қоры бар.
Әлия Қойлыбекова, кітапханашы:
Осы шара басталғалы оқырмандар саны күрт арта бастады. 500 оқырман болса, соның 300-і балалар. Осы жылда оларға 1 жарым мың кітап тараттық.
Байқауға бастамашы болған ел ағалары. Өткен айда 3 кітап сүйер бала үйіне қозы жетектеп барған. Шілдеде жүлде қоры одан да қомақты болғалы тұр. Байқау оқу жылы басталғанға дейін жалғасады.
Серғали Құрымбеков, Бөржар ауылының әкімі:
Шілде айында жүлде қорын тағы 5 қозыға көбейтіп отырмыз. Оны өзімізбен құрдас дос жігіттердің демеушілігімен жасалып отырған дүние. Бұл жерде мақсатымыз сыйлық емес, баланың назарын кітапқа аударту.
Балалардың оқыған кітабын зердеге қалай тоқығанын анықтау мақсатында арнайы топ құрылған. Оның ішінде ауыл адамдары мен кітапханашы бар. Балалар оқыған кітабы бойынша түсінігін айтып беруі керек. Қазылардың құрамы енді аудандағы кітапхана қызметкерлерімен толықпақ.
Ғани Қалмаханов