Ауылшаруашылық техникасының 80 пайызы тозған. Шаруаларға қолжетімді несие де жоқ. Бұл мәселені шешпей азық-түлік бағасын тұрақтандыру мүмкін емес. Бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында президенттің тапсырмалары талқыланды. Жигули Дайрабаевтың сөзінше, қазір елде 300 мың шаруа бар. Отандық тауар өндірушілерге үкіметтен мардымды көмек көрсетілмейді. Субсидия мәселесі жыл сайын өзгереді, тұрақтылық жоқ. Үлкен комбайндарды былай қойғанда, соқа, дән сепкіш сияқты қарапайым құрал-саймандар шығаратын зауыт тапшы. Сондықтан ауыл шаруашылығы техникасына салынған утиль алымды алып тастау ұсынылды.
Жигули Дайрабаев, ҰКП Агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы:
Комбайндардың бағасы былтыр 50 миллион тұрса, биыл 100 миллионға дейін қымбаттап кетті. Енді қалай енді? Президенттің тапсырмасын қалай орындаймыз? Президент айтты ғой ауылшаруашылығын еңбек өнімділігін 2,5 пайызға арттыру керек деп. Қолжетімді несие жоқ, техникасы ескі, удобрение қымбат. Айта берсек проблема көп. Сондықтан ауылға бетбұрыс жасау керек.
Азық-түлік бағасының шарықтауы жаңа құрылған отандық кәсіпкерлер кеңесінде де талқыланады. Мамандардың сөзінше елде қант өндірісін дамытудың жоспары бар. Қазір Жамбыл мен Алматыдағы қант зауыттары жылына 3-4 ай ғана жұмыс істейді. Солардың жұмысын жандандыру қажет. Бұл қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.Суармалы жерлерді көбейту, қант қызылшасының егіс алқабын арттыру алда тұрған негізгі міндеттердің бірі.
Саламат Омаш