Екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді іздестіру жұмыстары жалғасуда. Бүгін Алматыға Мәскеу қаласынан екі отандасымыздың сүйегі жеткізілді. Майданда қаза тапқан жауынгерлерді елге жеткізуді «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған.
Ұрыс даласында қаза тапқан жауынгерлердің сүйегін Алматы әуежайы салтанатты түрде қарсы алды. Елге жеткізілген екі сарбаз бұған дейін хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында болған. Олардың жеке төс белгісі арқылы аты-жөндері мен шақырту орнын анықтау мүмкін болған.
Мейірхан Байбатырова, «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестігінің өкілі:
Үркербаев Төрегелді деген кісі былтыр табылған болатын. Воронежь маңынан. Сол жақтағы іздеушілер хабар берген. Екінші кісі Гуров Николай. Ол кісіні осы жақына арада ғана хабарлады. Жарты күннің ішінде сәті түсіп туыстарын таптық.
Бұл күнді тағатсыздана күткен жандардың бірі – Евдокия Горбовская. Ағасы соғысқа аттанғанда ол небәрі тоғыз жаста болған. Соңғы рет 1942 жылы хат алған. Содан бері еш хабар жоқ. Қай жерде опат болғанын да білмейді. 80 жыл басына қойылған бір белгіге зар болдық дейді.
Евдокия Горбовская, соғыста қаза тапқан Н.Гуровтың қарындасы:
Бұл күнді өмір бойы күттім. Үміт жоғалмады. Бір хабар боларына сендік. Отбасымызда алты ағайынды едік. Соғыс аяқталған соң ата-анамыз Николайды бірнеше жыл іздеді. Алайда еш нәтиже болмаған еді. Бүгін, міне, сол қуанышты сәтті көру маған бұйырыпты.
Николай Гуровтың сүйегі Алматы қаласындағы Солтүстік зиратқа жерленді. Ал майданда қаза тапқан екінші жауынгер Үркербаев Төлеген соғысқа Ұзынағаш өңірінен аттанған. Өкінішке орай, оның жақын туыстары табылмаған. Жерлеу рәсімі ертең Алматы облысына қарасты Мыңбаев ауылында өтеді.
Қуан Нұрақын