Жамбыл облысы: Мал қырылып, қора-қопсы қирады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысы: Мал қырылып, қора-қопсы қирады

24.06.2022

Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Үлкен Сұлутөр ауылын сел шайып кетті. Толассыз жауған бұршақ пен нөсердің салдарынан өзен суы көтеріліп, елдімекенге жайылған. Әзірге анығы оншақты үйге су кіріп, 2 жылқы мен 57 қой қырылған.

Жауын-шашыннан жиналған тау суы кеше кешкісін Қордай ауданындағы Үлкен Сұлутөр ауылына дейін жеткен. Екі мыңнан аса тұрғыны бар елдімекеннің негізгі көшелерін бойлай аққан лай көлік қозғалысын қиындатты. Қора-қопсыны бұзып, 10-ға тарта үйдің ішін су басқан.

Бұдан бөлек, Ноғайбай ауылынан 6 шақырым жердегі Ырғайты өзенінде су деңгейі көтеріліп, айдында қалған 5 адам құтқарылды. Олардың бір көлігін ағын су шайып кеткен.

Ералы Ақылбеков, Облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

«Ауылдың жол төсемі жырылмаған қалыпта су басты. Сондай-ақ су ағынының салдарынан жеке тұрғын үйлердің 2 шаруашылық құрылыстары зақымдалды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ».

Екі кештің ортасында тасқын суға шыдас бермей бүлінген үй , қора-қопсы түгел жөнделмек. Үлкен Сұлутөр ауылының жұртымен тілдескен облыс әкімі төтенше жағдайға байланысты шығын мемлекет тарапынан өтелетінін айтты .

Нұржан Нұржігітов, Облыс әкімі:

«Шығын болған малдың бәрін жинап, тексеріп егелерімен жұмыс істеп қандай мал екенін, соны тоқтам жасалуда. Бүкіл шығындары өзіміздің мынау төтенше жағдай туралы заңға сәйкес, бүкіл шығындары төленеді. Жалпы жұмыстар жүргізіледі».

Оқыс оқиғаға байланысты жедел штаб отырысы өтті. Алдын ала мәлімет бойынша бірнеше бас мал өлген. Құстар да қырылған. Селден келген шығынды арнайы құрылған комиссия анықтайды. Бастысы адамдар аман.

Нұрдос Болатұлы


Хабарламаларға жазылу