Қызықты сапарға оқуда озат, спорттан жетістікке жеткен, өздерін жақсы қырынан көрсеткен жасөспірімдер аттанып отыр. Көбінің ару Алматыға алғашқы сапары. Айтуларынша, бұл күнді олар тағатсыздана күткен.
Яна Лопорева, Балалар үйінің тәрбиеленушісі:
Біздің Алматыға алғаш баруымыз. Тауға шығып, қаланы аралап, жаңа достармен танысқым келеді. Қуанышымызда шек жоқ.
20 сағат жолды артқа тастап, алып шаһарға табан тіреген балғындарды ұйымдастырушылар құшақ жая қарсы алды. Саяхатты жеткіншектер Президент саябағынан бастады. Естелікке суретке түсіп, паркті аралады. Олар қаланың сұлулығына тамсанып, тарихи ғимараттарымен танысты.
Эльдар Әбдірахманов, Балалар үйінің тәрбиеленушісі:
Алматы жақсы қала. Әдемі, үлкен. Таулары өте үлкен. Ұнайды.
Бұдан бөлек балалар робототехника жасау орталығына да барды. Өздерінің ойында жүрген инженерлік жобаларын қағазға түсіріп, нобайын жасады. Алғаш рет қолға алынған жобаның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру дейді ұйымдастырушылар. Барлық шығынды демеушілер көтерген.
Денис Лукьянчук, Қоғамдық қордың атқарушы директоры:
Балалар - біздің болашағымыз. Сондықтан шамамыз келгенше бар құндылықтарымызды бойына дарытып, патриоттық тәрбие беруге атсалыссақ дейміз. Өз-өзіне сенген бала ертең Қазақстанның дамуына өлшеусіз үлес қосарына сенім мол.
Балалар бұдан өзге тек теледидардан көрген метро бекеттерін тамашалап, вагондармен бірнеше стансаны аралады. Жеткіншектер шаһарда әлі бес күн аялдайды. Алда қызықты бағдарламалар күтіп тұр. Шарын, Көлсай ұлттық парктеріне саяхаттап, елге белгілі тұлғалармен кездеспек. Балалардың риясыз қуанышына куә болған қор басшылығы мұндай ізгі істі жалғастырмақ ниетте.
Қуан Нұрақын