Шымкентте Шәмші әндерінің концерті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте Шәмші әндерінің концерті өтті

18.06.2022

«Шымкенттің шырайы – Шәмші». Қала күні мерекесіне орай мегаполисте вальс королінің шығармашылығына арналған концерт өтті. Дәстүрлі өнер кешінде қаланың дамуына ерекше еңбек сіңірген белсенділер Құрметті азамат атағына ие болды.

Шәмшінің қайсы бір әні болмасын қалың қазақтың жүрек түкпірінен жай тапқан туындылар. Ұлы сазгердің өзіне ғана тән қасиеті мен ерекшілігі де осы болса керек. Концертке келген көпшілік бұл кеште Шәмші әндерін өнер жұлдыздарымен қосыла, шабыттана шырқады.

Нұрғали Нүсіпжанов, әнші, мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Түсінген адамға Шәмші шексіз. Шәмші таусылмайды. Әні де жеткілікті. Бірін бірі толықтырып тұрады. Елге деген махаббатын, парасатын, мәдениетін әнінде де көрсете білген.

Ән падишасының әуезді әндері қазақ даласының аспанында қалықтап келе жатқанына жарты ғасырдан асты. «Менің Қазақстаным» исі қазақтың бойында отаншылдық рухты асқақтатып келеді.

Жұбаныш Жексенұлы, әнші:

Мынандай ұғым бар. Қазақ тұрғанша тұратын әндер бар. Сол әндердің қатарына Шәмші Қалдаяқов әндері кіреді. Бұл жер бетінде қазақ бар болса, осы әндер мәңгілік.

Шымкенттің дербес қала мәртебесіне ие болғанына биыл төрт жыл толды. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын небәрі 500 мыңнан сәл ғана астам тұрғыны бар шаһар бүгінде миллиондар мекені. Өндірісі өркендеп, кәсіпкерліктің жандануы арқасында ірі агломерациялық орталыққа айналды. Жұртшылықты қала күні мерекесімен құттықтаған қала әкімі шаһардың дамуы мен өркендеуіне айырқша үлес қосқан бірқатар мамандарға құрметті азамат атағын берді.

Хабарламаларға жазылу