Танымал «Татнефть» компаниясы Қазақстанға келеді. Атырау облысындағы «Қаратон Сарқамыс» кен орнында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге қатысады. Санкт-Петербургтегі экономикалық форум аясында талқыланған келісімнің бірі осы. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің шақыруымен форум отырысына қатысты.
Кемі 60 елдің өкілі жүр мұнда. Азия елдерінен бөлек, Африка, Латын Америкасы, Африка, Таяу шығыс елдері, тіпті біздің елде тыйым салынған талибан қозғалысының өкілдері де төбе көрсетті. Тақырып біреу - қазіргі қиындықтарды еңсеру. Форумның «Жаңа әлем жаңа мүмкіндіктер» деп аталуы бекер емес. Санкция құрсауында қалған Ресей тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып жатыр. Әуелі импорт алмастыруға басымдық берген. Бірқатар жобаларын форум аясында таныстырып жүр.
Артем Авдеев, кәсіпкер:
Бұл 5 д принтер. Өнеркәсіпке керек қосалқы бөлшектерді дәлме-дәл шығарып беретін бірегей технология. Баршаға мәлім, жағдай қазір мәз емес. Сырттан келетін тауарлардың көбіне шектеу қойылды. Бірақ, кәсіпорындар жұмысын тоқтатпауы тиіс. Сол себептен бұл құрылғы аса қажет. Қазақстандық компаниялармен серіктестік орнату үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
Қасым-Жомарт Тоқаевты форумға Владимир Путин ақпан айында шақырған еді. Яғни Украинадағы әскери шиеленістерге дейін қабылданған шешім. Оның үстіне форумның маңызы зор. Сауда экономикалық байланыстарды жандандыруға серпін береді.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі:
Өздеріңіз біліп жатырсыздар, қазір өте қиын заманда бірге жұмыс жасау керек. Экономиканы бірге дамыту керек. Және де логистикалық транспорт бар. Көптеген мәселелер талқыланып жатыр. Сондықтан да экономика үшін пайдасы бр деп ойлаймын. Бұл жерде біздің ең негізгі мәселеміз қаржы нарығындағы көптеген құралдарды, инструменттерді біздің нарыққа тарту. Біздің қаржы нарығы қомақты емес. Ал Ресейің нарығы немесе басқа да шеттегі нарықтарды біздің экономикамызға инвестиция тарту керек.
Ресей - Қазақстан үшін экономикалық серіктес. Сыртқы сауданың төрттен бір бөлігін қамтып отыр. Импорттық өнімдердің 40%-дан астамы осы іргедегі елден келеді. Біздің де экспорт тауарларының дені осы елге жөнелтіледі. Қазіргі ортақ проблема - логистика. Тауар жеткізу жағы қиындап тұр.
Бақыт Сұлтанов, Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:
Ресей әріптестерімізбен мына логистика туралы да талқылау жасап жатырмыз. Олар біз арқылы Қытайға өту бұрынғыдай қызықтырып отыр. Өйткені мына Қытаймен қарым-қатынас жылдан жылға көтеріліп келе жатыр. Және де мына оңтүстік, солтүстікке дейін жіберетін, Каспий арқылы өтетін жаңағы коридорда талқылап жатырмыз. Әрине осындай форумның аясында, біраз меморандумдар қойылып жатыр. Бірақ ол бизнесмендер және де мемлекеттік органдарда.
Одан кейінгі екпін - өнеркәсіп кооперациясы. Қазақстан үшін саланы дамыту аса маңызды. Көрші елмен ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар. Машина құрастыру, металлургия, химия өнеркәсібі бағыттарына басымдық беріледі. Соңғы жылдары 13 бірлескен жоба жүзеге асты. Тағы 22-і қолға алынды. Соның ішінде «КАМАЗ» және «Татнефть» компаниялары арасындағы келіссөздер жайы қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Уағдаластықтарымыздың қалай жүзеге асырылып, көздеген мақсатқа қалай қол жеткізіп жатқанымызды көріп отырмын. Бәрі де бақылауда деп айтуға болады.
Рустам Минниханов, Татарстан Президенті:
Қазақстан компанияларының Ресей нарығына Татарстан арқылы кіруге мүмкіндік алуына пайдамызды тигізгіміз келеді. Біз толыққанды қолдау көрсетіп, ықпал етуге дайынбыз.
Ресейлік компаниялар біздің елге қаржы құятын негізгі бестікке кіреді. Тікелей инвестиция ағыны соңғы 17 жылда 18 млрд долларға жетті. Бұл сан алдағы уақытта артпаса кемімейді. Отырыстан кейін Қасым Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен екіжақты кездесу өткізеді.
Асима Нұрбайқызы