Таразда алаяқтықпен айналысқан күдікті ұсталды. Ол жалған хабарландыру арқылы өзін кірпіш зауытының иесімін деп тұрғындардан 10 миллион теңгеге жуық тапсырыс қабылдаған.
Жәбірленушілердің айтуынша, 2020-2021 жылдар аралығында әлеуметтік желідегі хабарландырудың біріне кірпішке тапсырыс берген. Өзін зауыт иесімін деп таныстырған ер адам ақша алғаннан кейін ізін жасырып байланысқа шықпаған. Аталған жылдар ішінде тұрғындар 400 мыңнан астам кірпішке тапсырыс беріп үлгерген. Ал келтірілген материалдық залалдың көлемі – 9 миллион 400 мың теңге. Ұсталған 64 жастағы күдікті өз кінәсін толық мойындап, алған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған болып шықты.
Қазір аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалды. Енді оның мүлкі тәркіленіп, 7 жылға сотталуы мүмкін.