Жезқазған қаласына су тарту 2023 жылы басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазған қаласына су тарту 2023 жылы басталады

16.06.2022

Үйтас-Айдос су құбырының құрылысы 2025 жылы аяқталады. Ал Жезқазған қаласына Есқұла құбырымен су тарту 2023 жылы басталады. Ұлытау облысының әкімі Президентке осылай деп мәлімдеді.

Берік Әбдіғали өңірде тұрғын үйлердің 33 пайызы ескіргенін айтты. Қазір үйді жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Биыл және келер жылы қаланың жаңа ауданында көп қабатты 20 тұрғын үй салынады.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту қажет екенін ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне жол мәселесіне, экологияға, білім саласын дамытуға күш салуды тапсырды. Ал бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан «Қазақмыс» биыл 25,4 миллиард теңге бөлген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен мына мәселеге тоқталғым келеді. Облыс әкімінің өңірді дамыту туралы жоспарын тыңдадыңыздар. Әлеуметтік мәселелер шешімін табуға тиіс. «Қазақмыс» компаниясын осы іске белсенді түрде атсалысуға шақырамын. 25,4 миллиард теңге мұндай ауқымды жұмыстар үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Қаржыны ұлғайту мүмкіндігін қарастырған жөн. Әлеуметтік нысандардың құрылысына көмектесу қажет. Спорт ғимараттары керек. Жергілікті халық үлкен үміт артып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қаладағы жағдайды жақсартуымыз керек. Әрине, мәдени нысандарға да ерекше көңіл бөлінуі қажет.


Хабарламаларға жазылу