Алматыдағы балмұздақ шығаратын цехта аммиактан уланған бір адам ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Өзге екеуінің жағдайы орташа ауыр, токсикология бөліміне шығарылған. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Фариза Мұсақызы, тілші:
Оқиға осы мұздатқыш құрылғысының істен шығуы салдарынан болды. Бұл жерден 500 грамм аммиак төгіліп, ауаға тарап кеткен. Оның жанында, мына жерде жұмыс істейтін қызметкерлер уланып, ауруханаға жеткізілді. Олардың ең жасы - 1991 жылғы әйел адам.
Апатты жағдай орын алғанда цехте ауысыммен жұміс істеп жатқан 95 адам болған. Қызметкерлер шұғыл түрде ғимараттан шығып кеткен. Бірақ көп ұзамай олардың бесеуі өзін нашар сезінген. Көбі бас айналу, жүрек айну, әлсіздікпен ауруханаға түсті.
Алтынай Райымқұлова, «Шин-Лайн» ЖШС өндіріс директоры:
Барлық көмегімізді жіберіп жатырмыз. Сараптамалардың барлығын біз өткізіп жатырмыз. Бүкіл лечениены өзіміз төлейміз. Әр зардап шеккен адамға 500 мыңнан аудардық. Балмұздақ өнімдері тез еритін болғандықтан, аммиак өте қолайлы. Техника безопасностиді сақтаса, уақытылы профилактика жаса тұрса, жұмыс істеуге болады.
Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Евгений Лысенко, қалалық полиция департаментінің өкілі:
Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары біткен соң, оқиғаның толық мән-жайын, себептерін жариялайтын боламыз. Қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіздік.
Зауыт тәулігіне 60 тоннаға дейін балмұздақ шығарады. Аталмыш оқиғадан кейін балмұздақ партиясы сараптамаға тапсырылып, 5 тонна өнім карантинге қойылды. Сатылымға жіберілмейді. Сондай-ақ, цехтың ауа құрамына да зерттеу жасалған, ол таза болып шыққандықтан, өндіріс орнына жұмысын жалғастыруға рұқсат берілді.
Фариза Мұсақызы