Жеңілдетілген автонесиеге қосымша қаржы бөлінбейді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша бағдарлама әзірге револьверлік жүйемен іске аса береді. Яғни 4 пайыздық автонесиеге бұған дейін 100 миллиард теңге бөлінгені белгілі. Осы қаржы игерілген соң, машина алған адамдар, несиені ай сайын банкке қайтара бастайды. Сол қайтқан қаржыға, 4 пайыздық автонесие тағы беріле береді. Яғни ақша айналымда болып, процесс үздіксіз жүре береді дейді министр. Айтуынша қазір 10 мыңнан астам өтініш мақұлданып, 100 миллиардтың 74 миллиарды игерілген. Қалған 26 миллиардтың өтініші қазір қаралып жатыр. Сондай-ақ министр қазір банктердің автонесие бойынша жаңа клиенттерді неге қабылдамай жатқанын түсіндірді.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Мысалы 100 миллиардқа біздің ойымыз бойынша 15-16 мың машинаны несиеге алуға болады. Қазір 10 мыңдай өтінішті мақұлдады банктер. Сол себепті тоқтатып жатқан шығар банктер. Адам жалған үмітке ие болмасын деп. Өйткені банктен өтіп, машина болмай, ақша болмай қалса наразылық туындайды.
Досжан Маратұлы