Ақтеректегі Ахмет мектебінің қазіргі күйі қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтеректегі Ахмет мектебінің қазіргі күйі қандай?

07.06.2022

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Ақтерек ауылында көне ағаш үй бар. Бұл тарихи ғимаратта бір кездері ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сабақ бергенін біреу білсе, біреу білмес. Тоқсаныншы жылдардың соңында құлап қалудың аз-ақ алдында қалған ағаш үйді ауыл азаматтары сақтап қалады. Ал қазіргі күйі қандай? Ұлт ұстазының табаны тиген қасиетті мекенге біздің тішіміз Руслан Нұрланұлы барып қайтты.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Ақтерек ауылындағы ең көне тарихи ғимараттардың бірі мына ағаш мектеп. Мұнда 1904-1909 жылдар аралығында ұлт ұстазы , алаш қайраткреі Ахмет Байтұрсынұлы сабақ берген. Ол туралы белгілі ғалым Ағжан Машанов та деректер келтіреді. Қазір мұнда ауыл кітапханасы орналасқан.

Тоқсаныншы жылдары мұнда байланыс бөлімшесі, шаруашылық кеңсесі болыпты. Кейін мекеме жабылған соң, қаңырап бос қалады. Ауыл ақсақалдары болмаса қирап бүлінер ме еді. Үлкендердің ара түсуімен сақталып қалыпты. Есік-терезесі, қабырға ағаштары бәз-баяғы қалпында. Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы Қарқаралы өлкесімен тығыз байланысты десек, дәл осы мектепке қатысты деректер тереңірек зерттеуді қажет етеді,-дейді ауыл тұрғындары.

Светлана Әбенова, Ақтерек ауылындағы мектеп директоры:

Көпке дейін мойндалмаған ғой Ахмет Байтұрсыновтың дәріс бергені жөнінде. Енді ол кісіні білесіздер Қоянды жәрмеңкесінде болды, Қарқаралы петициясын жолдады. Оқу ағарту ісін жолға қоюға үлкен қызмет атқарды ол кісі. Әліпбидің өзін осы жерде құрастырды ма деген ой келеді. Келешекте Ахмет Байтұрсыновтың есімі әлі де жаңғырады деп ойлаймыз. Әлі де зерттелмеген деректері өте көп.

Тарихи ғимарат тек былтыр ғана аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қарамағына өткен. Сонымен қатар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне еніп, мемлекет қорғауына алынады.

Жазира Ысқақова, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

2021 жылы тарихи-мәдени мұраны сақтау инспекциясы 5 миллион 300 мың теңгеге сыртқы, ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізген болатын. Бүгінгі күні ол ғимарат мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің балансына алынды. Биыл 150 жылдығына орай, бір бөлмесін арнайы жабдықтауға аудандық бюджеттен 1,5 миллион теңге қарастырылып, бүгінгі күні жұмыстар жүргізіліп жатыр ол жерде.

Алдағы уақытта ғимараттың бір бөлмесі сынып ретінде жабдықталады. Онда ұлт ұстазының сабақ беріп жатқан бейнесі 3Д форматында жасалмақ. Жалпы биыл ауданда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдыған орай, 150 шара өткізу жоспарланып отыр.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу