Парижде Еуропа қазақтарының құрылтайы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парижде Еуропа қазақтарының құрылтайы өтті

07.06.2022

Қарт құрлықтың он елінде қазір 15 мыңдай қандасымыз бар. Бірі 60 жылдары Түркиядан қоныс аударса, енді бірі оқу-жұмыс бабымен Қытай, Монғолия мен Қазақстаннан келгендер. Індеттің кесірінен екі жыл жүздесе алмап еді. Биыл дәм Парижден бұйырғанына қуанған жұрт алдымен Хакім Абай мен Мұстафа Шоқайдың ескерткіштеріне тағзым етті. Артынша М.Шоқайдың француз тіліндегі мақалалары негізінде жазылған «Кеңес Одағының түркі әлемі туралы саясаты» кітабының тұсаукесерін өткізді.

Ұлттық өнерге сусаған қарт құрлықтағы ағайын құрылтай аясында қазақстандық кәсіби музыканттардың мерекелік концертін тамашалады. Домбыра мен қобыздың қоңыр үні қандастардың елге деген сағынышын сәл де болса басқандай.

Қарт құрлықтағы қазақ жастары өзге тілдің бәрін білгенмен, өз тіліне шорқақ. «Тіл жоғалса, ұлт жоғалады» деп қауіптенген аға буын өкілдері қазақ тілі курстарын көбейтіп, қазақша хабар тарататын телеарналар Еуропада көрсетілсе дейді.

Әбдісалам Саваш, Ұлыбританиядағы қазақ қоғамының төрағасы:
Қанымызды, тілімізді сақтау керек. Сол үшін біздің өтінішіміз, YouTube-қа қазақ киноларын, айтыстарын, өлеңдері мен әндерін латын әрпінде салса, балаларымызға көрсете аламыз.
Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті:
Біз заманауи үлгідегі қазақша үйрету тәсілдерін ойластырып жатырмыз. Бұл - телефондарда арнайы программалар жасау мәселесі. Қазіргі таңда шетелде тұрып жатқан қазақ тілін оқыта алатын мұғалімдерді жалақысын төлеп, осы жерде онлайн, оффлайн курстар ұйымдастырып жатырмыз.

Жырақтағы қазақтар төл мәдениет, әдет-ғұрыпты насихаттайтын орталыққа да зәру.

Қажы Акбар Аюби, Еуропадағы «Наурыз» тобының мүшесі:
Бізге  қазақ мәдени орталығы деген орын мен жер керек. Сол жерде жылына бір рет емес, демалыста бүкіл Еуропаның жастары бас қосса. Қазір Венгрия мемлекеті он гектар жер берем дейді.

Еуропадағы қандастар Мажарстандағы мәдени орталыққа 20 киіз үй тігіп, өскелең ұрпаққа салт-дәстүрді дәріптемек. Ол үшін қазақстандық кәсіпкерлерден қаржылай қолдау болса дейді. Екі күнде осылай біраз шер тарқасқан шеттегі қандастар келесі жылы құрылтайды Германияның Кельн қаласында өткізуге уағдаласты.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу