Алдымызда ашық әрі әділетті экономика құру міндеті тұр – Президент - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдымызда ашық әрі әділетті экономика құру міндеті тұр – Президент

07.06.2022

Референдум нәтижесі саяси жаңғырудың анық символына айналды. Демек реформалар енді басталды деген сөз. Президент халыққа үндеуінде жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделі қалыптасатынын айтты. Әуелгі мақсат—экономиканы шынайы әртараптандыру. Осылайша жоғары өнімді ауыл шаруашылығы мен қуатты көлік-логистика жүйесі дамиды. Цифрлық экожүйені орнықтыру да міндет. Сөйтіп кірісті әділетті бөлуге, сапалы жұмыс орнын ашуға, тұрмыс сапасын тұрақты арттыру туралы айтуға толық негіз болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Енді біздің алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды. Біз кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетіп, жекеменшікті сақтап, бәсекелестікті күшейтуіміз керек.

Сол арқылы ел мүддесіне сай тиімді шешімдер қабылданады. Мұны атқаратын мемлекеттік қызмет - құлқынның емес, жұртының қамын ойлауы керек. Бюрократиядан арылып, адамдардың талап-тілектері алғашқы орынға шығады. Бұдан былай жұмыс барысы емес, нәтижесі ескеріледі. Мемлекеттік аппарат қоғамның әр тобымен ашық болып, шынайы есеп беруі керек.


Хабарламаларға жазылу