Президент Жолдауы: Жалпыұлттық жоспар әзірленеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Жолдауы: Жалпыұлттық жоспар әзірленеді

03.09.2022

Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар әзірленеді. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов осындай тапсырма берді. Жиында әр министрлік Жолдауды жүзеге асыру жөніндегі жоспарларымен бөлісті.

Әуелі бағдарлама бағыттарына кіріспес бұрын, күні кеше Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып сайланған Дархан Қыдырәлі ант берді. Экономика министрлігі үш бағытта жұмыс жүргізеді. Ең алдымен табиғи монополиялар саласына «нақты» реформалар қажет. Өйткені коммуналдық желілердің 60% тозғаны Президент Жолдауында айтылды. Енді жаңа тариф саясаты енгізіледі. Жаңа инновациялар ұсынылып, сала мамандарының жалақысы артады. Ал салық жүйесін 2023 жылдан бастап үлкен өзгерістер күтіп тұр. Келер жылы салық төлеушілердің бүкіл есебі тек цифрлы платформа арқылы жүзеге асырылмақ. Ал байлық салығын енгізу үшін әзірге шетел тәжірибесі зерттеліп жатыр. «Жолдауды жүзеге асыруға Республикалық бюджеттің қауқары толық жетеді», – деді министр. Сондай-ақ балалар есепшотына жиналатын ақшаны қайда жұмсауға болатынын айтты.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Баға өңірде немесе ауылда әртүрлі. Бірақ кейбір ауылдарда үй алуға жетеді. Мысалы, ауылда үй 1,5-2 миллион теңге тұрса мүмкіндік бар. Ипотека алуға алғашқы жарнаға жететін шығар деп ойлаймын.

Бюджет процесі бюрократиядан арылады. Рәсімдер оңтайланады. Министрлік Жаңа бюджет кодексінің ерекшелігіне де тоқталды. Ал қала құрылысы кодексін дайындау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған бас аяғы 1,3 миллиард теңге көлемінде қаржы қажет. 2024 жылға дейін елдегі бүкіл инженерлік желілер цифрландырылады. Қазір оның деңгейі 64,7%. Сондай-ақ Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ трансформациялау аясында әлемдік көлік-логистикалық компаниялармен синхрондау, «тар жерлерді» жою және тасымалдау құжаттарымен жіксіз алмасуды, халықаралық нарықтарға қолжетімділікті қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық дәліз құрумен кооперация жасау ұсынылады. Сонымен қатар Иран, Әзірбайжан, Грузия және Түркия порттарында сыртқы терминалдық желілер құру жоспарланған.

Президент тапсырмасына сәйкес, Әділет министрлігі қылмыстық және қылмыстық процестік кодекстерге тексеру жүргізуді бастады. Түзетулер жыл соңына дейін енгізілемек. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмай жатқан 10 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылатынын айтты. Ол үшін жер инспекциясының жұмысын нығайту көзделген. Биыл желтоқсанға дейін ведомства субсидиялаудың жаңа тәсілдерін енгізбек. Бұдан былай отбасылық зорлық- зомбылықты қайталаған азаматтар 25 тәулік қамалуы мүмкін. Отбасына зәбір көрсеткендерге жазаны күшейту жөнінде Президент Жолдауында да айтылған еді. Сондықтан министрлік қатаңдату шараларын ұсынып отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Осы маңызды құжатта бүгінгі таңда азаматтарымызды толғандырып отырған негізгі мәселелердің барлығы қамтылған. Жолдауда айтылған міндеттерді шешу – экономиканың тұрақтылығын және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз. Мазмұны жағынан Президенттің халыққа Жолдауы Жаңа Әділетті Қазақстан құру жолындағы ең маңызды қадам болып табылады. Алдымызда экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігі азаматтарымыздың әл ауқаты сапалы және инклюзвті ұйымдастыру, бәріне бірдей мүмкіндіктер беру, қоғамдық қауіпсіздік пен ішкі тұрақтылықты сақтау міндеттері тұр. Қоғам сенімін ақтау үшін жұдырықтай жұмылуымыз керек. Реформаны жүзеге асыруда, бірінші кезекте біз жауаптымыз.

Премьер-Министр Үкіметтің алдында үлкен міндет тұрғанын айтып, министрлерге бірқатар тапсырма берді. Әрі Ұлттық экономика министрлігіне Үкіметтің келесі отырысына дейін Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасын енгізуді тапсырды.


Хабарламаларға жазылу