Басты Жаңалықтар Заңдағы олқылықтардың кесірінен әлеуметтік әділетсіздік көбейіп кеткен

Заңдағы олқылықтардың кесірінен әлеуметтік әділетсіздік көбейіп кеткен

Атқарушылық іс жүргізу саласын жетілдіру керек. Себебі заңдағы олқылықтардың кесірінен әлеуметтік әділетсіздік көбейіп кетті. Еліміздегі парламентаризм институты жеке сот орындаушылардың үстінен түскен арыз-шағымдарға бір жыл бойы талдау жүргізіп, осындай қорытынды жасаған. Түйіткілді мәселені шешу үшін жаңа заң жобасын да әзірледі.

Алматы тұрғыны Сапарәлі Абдуллаев көлігін сата алмайды. Себебі жеке сот орындаушысы 9 жыл бұрын тыйым салып тастаған. Бұл шешімді шығарған адам кейін өзі істі болып, түрмеге жабылыпты. Ал Сапарәлі банк алдында болған қарыздан толық құтылса да, сот орындаушының әрекетінен өз мүлкіне әлі күнге дейін иелік ете алмай жүр.

Сапарәлі Абдуллаев, Алматы қаласының тұрғыны:
Мен прокуратураға арыз жаздым. Олардың әлсіздігі ме, шамасы келмейді. Сіз сот орындаушыларға, солардың бастығына барыңыз, сол шығарып береді дейді. Ол бастыққа барсақ, сотқа барыңыз дейді. Жеке сот орындаушылар ойына келгенін істейді. Заң дегенді қолданбайды. Заңның бәрін өздеріне ыңғайлап бұрып алған.

Елорда тұрғыны Арай Ержан да заң нормалары әділетсіз деп есептейді. Әкесі 13 жыл бұрын бизнес жүргізуге 42 млн теңге несие алып, кейін төлей алмай қалған. Сондықтан, былтыр сот орындаушылары олардың үлкен үйін алдымен 60 млн теңгеге бағалап, бір күнде 32 млн теңгеге сатып жіберген.

Арай Ержан, қала тұрғыны:
Сот орындаушының барлық әрекеті заңды болғанымен де отбасымызда қазір үй де жоқ, бастапқы уақытта банкке төлеген ақшаның барлығы жоқ, оның үстіне 33 млн теңге қарыз болып отыр. Менің ойымша, оның әрекеті дұрыс болғанына қарамастан, заң нормаларының өзі әділетсіз деп санаймын.

Атқарушылық іс жүргізу – сот процесінің соңғы кезеңі. Дәл осы кезде бұзылған құқықтар қалпына келтіріліп, заңды мүдделер қорғалуы тиіс. Алайда, іс жүзінде олай емес. Тек соңғы 3 жылда Жоғарғы сотқа сот орындаушыларға қатысты 10 мыңнан астам шағым түскен.

Мансұрхан Махамбетов, Парламентаризм институтының директоры:
Заңдардың талабы жеке сот орындаушылардың ықтиярына, соларға қолайлы қылып жасалынған. Яғни, бүгінгі таңда, олардың шешімі заңды деп айтуға болады, бірақ қарапайым халық, бұқараның мүддесінен қарайтын болсақ ол әрине әділетсіз.

Парламентаризм институты әзірлеген заң жобасы ең алдымен қарапайым адамдың мүддесі мен құқығын қорғауға бағытталған. Осы саланы жетілдіру қажеттігін сенаторлар да айтып отыр.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бұл жерде, ең алдымен, атқарушылық қызметтің тәртібі орындалмай жатады. Оның нақтылығы, ашықтығы. Екіншіден, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мәселелері. Үшіншіден, есепшотты бұғаттауға байланысты мәселелер.

Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданған құжат сот төрелігіне жүгінген азаматтардың құқықтарының бұзылуына алып келетін көптеген проблеманы шешуге ықпал етеді, дейді мамандар. Заңға ұсынылған әр өзгеріс қызу талқылануда. Себебі, атқарушылық іс жүргізу – азаматтардың құқығымен тікелей байланысты болғандықтан заңнаманың ең сезімтал саласы.

Берік Көшербай

Бөлісу