Қасым-Жомарт Тоқаев: Әрбір мемлекет ұлттық мүддесін өздігінше көздейді
Жұма күні Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Онлайн жиынға «еуразиялық бестікке» кіретін елдерден бөлек бақылаушы мемлекеттер Куба мен Өзбекстан президенттері де қатысты. Еуразиялық интеграция төңірегінде әңгіме аз емес. Әсіресе соңғы уақытта... Бішкекте өткен Еуразиялық экономикалық форумда Тоқаев былай деген екен: «Еуропалық одақтағы және басқа да экономикалық ұйымдардағы сияқты бұл Одақта түрлі мәселелер туындап отыратынына таң қалуға болмайды. Әрбір мемлекет ұлттық мүддесін өздігінше көздейді. Әрбір мемлекет туындаған мәселені өздері дұрыс деп санаған пікірі бойынша шешілгенін қалайды. Бұл әрбір халықаралық, әсіресе саудамен айналысатын ұйымдарға тән жағдай».
Наполеон Бонопарттың «Саясатта жүрек болмайды, тек қана бас болады» дегені де рас шығар?!
Жақында ғана ресейлік «Коммерсант» басылымы Еуразиялық экономикалық комиссияның отырысында «Ресей одаққа мүше мемлекеттерден астықты үшінші елдерге экспорттау бойынша квота енгізуді талап етіп отыр» деп мақала жариялаған. Бірақ дерек көзін айтпаған.
Бұл жерде маңызды деталь: одаққа мүше мемлекеттердің салалық ведомстволары комментарий бермеген. Яғни, мұны ресми ұстаным дей алмаймыз. Қайткен күнде де әр елдің өз мүддесі бар. Данияр Қайыртайдың материалы.
Данияр Қайыртай, тілші:
Санкция құрсауында қалған Ресей мен Беларусия кейінгі екі аптада әскери және экономикалық блоктағы одақтастарына біресе ренішін білдіріп, айып тағады, енді бірде оларды көмекке шақырғандай болады. Өткен аптада Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мерейтойлық саммитінде де сондай әңгімелер айтылды. Осы жұмадағы Жоғары еуразия экономикалық кеңесінің онлайн отырысында да сол уәждер қайталанғандай болды. Әрине, Путин емес, Лукашенконың аузымен.
Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:
Санкциялар бәріңізді жалмайды. Сондықтан қол қусырып отыруға болмайды. Мен мұны бұғып қалғысы келетіндерге қарата тағы айтып отырмын. Біз бір шептен әрекет етуге міндеттіміз.
Беларусия президенті одақтас елдерді «ұлттық эгоизмге бой алдырмауға» да шақырды. Ал одан бір күн бұрын өткен форумда Қазақстан Президенті әрбір мемлекет қашанда ұлттық мүддесін күйттейтінін ескерткен. Басқа жағынан қарасақ, Қазақстанның бейтарап ұстанымда болуы Ресей мен Беларусияның өзіне тиімді болуы мүмкін. Қ.Тоқаев сондай ойға жетелейтін бастама көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Санкцияларды ескере отырып, шетелдік компаниялардың басқа жерге көшуі үшін қолайлы жағдай жасау мәселесіне айрықша назар аударуды ұсынамын. Әлемдік алпауыт елдер де Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің геоэкономикалық орналасу жағынан басымдыққа ие екенін жақсы біледі. Сондықтан 180 миллион тұтынушысы бар нарығымыздың әлеуетін елемеу мүмкін емес.
Ресей үкіметі бұған әзірленіп те жатыр. Жақында «Параллель импорт» құралын бекітіп қойды. Ол өндірушінің рұқсатын алмай-ақ түпнұсқа тауарды ел аумағына кіргізуге мүмкіндік береді. Яғни Ресей енді санкция салынған импорттық өнімді тікелей емес, басқа елдер арқылы сатып ала алады. Айта кетейік, АҚШ-тағы Йель университетінің соңғы дерегінше, 1 мыңға жуық шетелдік компания Ресейдегі қызметін тоқтатқан не шектеген.
Асхат Нәметша, Сentral asian institute for development studies директоры:
Сауда жүре береді. Мысалы, Иранды қанша жауып тастаса да, кола сатылып жатыр, айфон сатылып жатыр. -Демек ЕАЭО сол санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік пе? – Иә, иә. Экономикалық белсенділік ақырындап Қазақстанға келуі мүмкін. Ресейдің компаниялары Қазақстанға юрисдикциясын өзгертсе, тауарлардың көбі Made in KZ деп шығуы мүмкін немесе Қазақстанның өндіріс процесіне енуі мүмкін. Бұл жерде Ресей керісінше тұтынушы болып кетеді. Ол бірден емес, 3-4 жылдың ішінде болады.
Қазірдің өзінде көп тауар түрі солай жеткізіліп жатқан көрінеді. Мұны жүк тасымалымен айналысатын ресейлік фирма мамандары айтты.
Максим Пожилой, Көлік компаниясының қызметкері:
Қазір жүк жеткізушілер тауарды алдымен Қазақстан мен Қырғыз елінің нарығына жеткізеді. Сосын сол жерден Ресейге жөнелтіледі. Санкциялардан айналып өтудің амалы ғой.
Еуразия экономикалық одағы аясындағы ортақ нарық бұған мүмкіндік береді. Бірақ, сарапшылар, екінші деңгейлі санкцияларға ілініп кету қатерін ескеру керек дейді.
Асхат Нәметша, Сentral asian institute for development studies директоры:
Тәуекелді алсақ, қызыл, сары, жасыл деген болады. Ресей мен Беларусь қазір қызыл зонада тұр. Қазақстан сары зонада, жасыл емес. Ойлану керек...
Ал Ресей өз тауарының одаққа мүше елдер арқылы сыртқа экспортталуынан қауіптенеді. Сол үшін шілдеге дейін бидайын, тіпті, біз секілді одақтастарына да сатпайды. Тыйым мерзімі созылуы да мүмкін. Оның үстіне, Ресейдің «Коммерсантъ» басылымы жеке дереккөздеріне сүйеніп, ресми Мәскеу одаққа мүше бүкіл елді астық экспортын шектеуге шақырғанын жазады. Яғни өзі де сатқысы келмейді, біздің де сатқанымызды қаламайды. Неге екені қызық. Жауабын Путиннің Италия премьері Марио Драгиге жасаған мәлімдемесінен табуға болатын сияқты. «Батыс елдері санкцияларын алып тастаса, Ресей әлемді ашаршылықтан құтқарып, астық пен тыңайтқыш экспорттауға дайын» депті.
Жұмабек Сарабек, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Украина қақтығысының ең қауіпті салдарының бірі – ашаршылық орнауы мүмкін. Бұл ретте Ресей өзінің бидай экспортын өзінің саяси құралы ретінде пайдаланғысы келеді. Гибридтік санкциялық текетіресте өзінің Еуразиялық экономикалық одақ бойынша әріптестерін онымен бірге болғанын қалайды. Бірақ Қазақстан бұған дейін бірнеше рет мәлімдеме жасады. Батыс санкцияларына қатысты коллективті іс-шара қабылдау Қазақстан үшін қызық емес.
Ресей «бидайыңды сатпа» деді екен деп, Қазақстан пайдадан қағылып қалмауы керек дейді сарапшылар. Себебі әлемдік нарықта астық қымбаттап жатыр. Жалпы қазір сауда-саттық бағытын кеңейтудің оңтайлы сәті туып тұрғанын айтады экономист. Осылайша басты одақтастың экономикасына тәуелділікті азайтуға болады.
Бауыржан Исабеков, экономист:
Бүгінде импорттық-экспорттық операциялардың 42 пайызы Ресейге тиесілі. 2019 ж дейін біз Ресеймен, ЕО, Қытаймен, АҚШ-пен паритетті сақтап жүзеге асыратынбыз. Біздің бүгінгі мақсатымыз көп векторлы саясатымызға қайта келіп, Ресейдің импорттық-экспорттық операциялардың үлесін азайтып, сол 4 бағыт бойынша 23-25 пайыз деңгейіне жеткізеуіміз керек.
Жұмабек Сарабек, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Тауар айналымын қарастырсақ, бізде 11 млрд-қа жуық теріс сальдо бар. Яғни біз өте аз зат экспорттаймыз, өз кезегімізде Ресей мен Беларусиядан көп импорттаймыз. Әрбір ойыншы өзінің нарығын сақтап қалуға тырысуда, отандық өндірушілерін қорғау мақсатында. Әрі қазір ЕАЭО-ң екі басты мүшесі – Ресей мен Беларусияның батыспен санкциялық соғысқа қатысып жатқанын ескерсек, онда бұл кедергілер одан сайын өршіп кетуі мүмкін.
Асхат Нәметша, Сentral asian institute for development studies директоры:
Ресеймен де, Беларусиямен де Қазақстан бәсекелес көп нарықта. Азық-түлік нарығында, мұнай өндіруде, күнделікті тұтынатын тауар, алкоголь өнімдері нарығында. Керісінше біз Қырғызстанмен, Өзбекстанмен одақ құруға болады. Өйткені көп жағдайда тауарлардың номенклатурасы әртүрлі. Бізде жоқ тауарларды Өзбекстан шығарады, мысалы, көкөніс өнімдері. Ал Өзбекстанда астық жоқ.
Данияр Қайыртай, тілші:
Еуразиялық интеграция «Үлкен Еуразия» жобасы аясында жалғасуы да мүмкін. Мұны одақтың форумында Путин айтты. Тоқаев қолдады. Біздің Президент бұған Қытайдың «Бір белдеу» жобасын кіріктіруді ұсынды. Әлбетте, одақтың басқа да күшті мемлекеттермен толығуы – аймақтың әлеуетін күшейту үшін тиімді.
Данияр Қайыртай
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
