«Иттер малға шауып жатыр!» Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының тұрғындары осылай деп дабыл қақты. Соңғы жарты жылда 100-ден астам қой-ешкіні бұралқы ит талап өлтірген. Ауыл халқы тіпті балалардың қауіпсіздігіне алаңдап отыр.
Қарауылкелді аулының тұрғыны Бейсенбай қария қорада тұрған малымды бір емес, екі рет ит талады дейді. Содан бері қорасын жиі күзететін ол иттер қазып кірмес үшін, есіктің астын таспен қалап тастауға мәжбүр болыпты. Зейнеткер полицияға арызданғанымен, иттің иесі болмағасын, шығыны өтелмей қалған.
Бейсенбай Көшкінбай, Қарауылкелді ауылының тұрғыны:«Арқандап қойған бұзауын, тұсап қойған қошқарын жеп қойды. Менің күзде аулаға түсіп, екі тоқтымды жеп кетті.
Мына бейнежазба осы Қарауылкелді аулында түсірілген. Көшенің қақ ортасында бұралқы иттердің қойды тамақтап кеткенін көруге болады. Тұрғындар соңғы кезде өріске шыққан бұзаулардың да таланып жатқанын айтып отыр. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» заңы шыққалы оларды жою мүмкін емес. Дегенмен, ауыл әкімі мал-жанның амандығы үшін кейбір мәселеге көз жұма қарайтынын айтып қалды.
Жұмабек Әбитов, Қарауылкелді ауылдық округінің әкімі:«Малға шауып жатқаны кездесіп жатыр. Оларды біз далалық жерде қуып жүріп, ауыл тұрғындарына айтып, жабайы болып кеткен иттерді азаматтарға айтып, атқызып жүрміз. Заңды құжаттары болса. Былай қазір атуға болмайды».
Жақсыбек Кемал, тілші:«Қарауылкелдіде итпен қоса мысық та толып жүр. Бақылау болмағасын олар да көбейіп кеткен. Енді тұрғындар аулымыз жан-жануарлардан тарайтын түрлі аурулардың ошағына айнала ма деп алаңдап отыр».
Жергілікті билік өкілдері ауылдың аумағында қанша қаңғыбас ит пен мысық барын да білмейтін болып шықты. Тұрғындар қазір ойын жасындағы балаларын қараусыз далаға шығарудан да қалған.
Жақсыбек Кемал