Цифрлық майнинг саласындағыларға салынатын салық көлемі өседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Цифрлық майнинг саласындағыларға салынатын салық көлемі өседі

25.05.2022

Цифрлық майнинг саласындағыларға салынатын салық көлемі өседі. Бірақ төлем мөлшері пайдаланған электр энергиясының құнына қарап белгіленеді. Осылайша Үкімет энергетика нарығында тепе-теңдікті сақтап, бюджетке де қосымша ақша түсірмек. Бүгін Мәжілісте Салық кодексіне енгізілгелі жатқан өзгерістер талқыланды. 

Қытайда майнингке шектеу қойылғалы бері криптофермалардың көбі Қазақстанға көшіп алды. Онлайн-платформа арқылы цифрлық ақша жасаудың қыр-сырын жергілікті тұрғындар да тез меңгеріп, майнер атанды. Енді олардың салығы көбейтілмек. Қазір 1 квт/сағат электрэнергияға 1 теңге төлейді. Ал енді салық мөлшері тұтынған электр энергиясының бағасына қарай белгіленбек.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Электр энергияның құны арзан болса, майнерлер көбірек төлейді. Ал қымбат болса төмен төлейді. Жалпы, осы теңестіру жұмысы майнингті бюджетке қосымша ақшаға айналдыруға бағытталған, екіншіден криптоиндустрияны дамытуға бағытталған. Энергия балансын бұзбау үшін осындай дифференциялау жұмысы жүргізілді.

Бірақ, депутаттар майнинг фермалар орналасатын аймақты жіті зерттеп алуды ұсынып отыр. Себебі, кей жерде тоқ тапшы.

Құдайберген Төлепұлы, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
Бұл мәселені алдымен еліміздегі энергия жүйелері операторынан анықтау керек, қай жерде бізде электр энергиямыз артық. Сізге энергетик ретінде айтайын, бізде артық электрэнергия жоқ. Бізде электр энергия лас, кір жолдармен табылады, яғни көмір жағумен. Ол біздің табиғатқа зиян келтіріп жатыр.

Адам денсаулығына зиян келтіріп жатқан темекінің де салығы өседі. 2024 жылы темекіге акциз кемінде 28 евро болады. Депутаттар жастардың ермегіне айналған электронды шылым, оның ішінде вейптер мәселесін көтерді.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
Бұрын темекіні үлкен адамдар ғана қолданса, қазір вейпты жас балалар, мектеп оқушылары қолданып, қызық көріп, пайдаланып жүр. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Керек болса, зерттеп, тіпті Қазақстанда вейптерді сатуға тыйым салу керек. Артық қыламыз деп тыртық қылып алмауымыз керек. Сондықтан бұл мәселені Үкімет депутаттармен бірге, қоғам өкілдерімен бірге, ғалымдармен бірге зерттеп, мына вейптерге нүкте қою керек.

Салық кодексіне басқа да бірқатар өзгеріс енгізетін Заң жобасын депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады. Отырысқа қатысқан 99 депуттатың 98-і қолдап дауыс берді.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу