Швейцарияның Давос қаласында Әлемдік экономикалық форум өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Швейцарияның Давос қаласында Әлемдік экономикалық форум өтіп жатыр

24.05.2022

Швейцарияның Давосында Әлемдік экономикалық форум өтіп жатыр. Төрткүндік жиынның басты тақырыбы – Украинадағы қарулы қақтығыс. Осы шараның негізін қалаушы және оның төрағасы Клаус Шваб украиналық делегацияға жер-жаһаннан жиналған саясаткерлер мен бизнесмендер атынан қошемет білдірді. Және де Шваб Украинадағы әскери жанжалдың таяу жылдары дүниенің саяси-экономикалық бет-бейнесін өзгертетінін атап өтті. Сонымен қатар, форумда тағы алты тақырып талқыланады. Олар – ғаламдық, аймақтық ынтымақтастық, әлем экономикасын қалпына келтіру, өсімнің жаңа дәуірін қалыптастыру, салауатты әрі әділ қоғам құру, Төртінші индустриалдық революцияның мүмкіндіктерін пайдалану, климатты қорғау жайлы мәселелер. Айта кетсек, әдетте қыста өтетін Давос форум екі жылдық үзілістен кейін, биыл көктемде ашылып отыр.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу