Эколог-ғалымдар мен қоғамдық ұйым өкілдері теңізді өлкеде халықаралық экомарафон акциясын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эколог-ғалымдар мен қоғамдық ұйым өкілдері теңізді өлкеде халықаралық экомарафон акциясын өткізді

19.05.2022

Эколог-ғалымдар мен қоғамдық ұйым өкілдері теңізді өлкеде халықаралық экомарафон акциясын өткізді. Арал тағдырына алаңдаушылық танытып, алыс-жақын шет елдерден келгендер экологиялық апат аумағын өз көздерімен көріп, ой-пікірлерімен бөлісті.

Су айдынын екіге бөлген Көкарал бөгеті әлемдегі теңдесіз жобалардың бірі. Дегенмен, 15 шақырымдық бөгет сыр беріп, жылдан жылға жағалауын су шайып барады. Қазіргі таңда гидро нысан қайта нығайтуды қажет етіп тұр. Оның үстіне соңғы жылдары Кіші Аралға Сырдариядан түсетін судың көлемі азайып кеткен. Сол себепті, теңіз тұзданып, балық шаруашылығы шатқаяқтап тұр.

Николай Аладин, Зоология институтының ғалымы:

Су тапшылығы мені қатты алаңдатады. Әсіресе, Арал теңізін көріп, көңілім құлазып тұр. Егер, өзен бойындағы мемлекеттер су көлемін теңдей бөлісе, мұндай экологиялық апат болмас еді? Сондықтан, Арал мәселесіне әлемдік қауымдастықтар баса мән беруі тиіс. 

Алпысыншы жылдары теңіз Арал қаласына тиіп тұрған. Қазір бұл аңыз секілді көрінеді. Алайда, Солтүстік Арал теңізін құтқару жобасының екінші кезеңі жүзеге асса, су айдыны қайта толады деген болжам бар. Теңіз тамшыдан тұрады деген. Экомарафонға жер-жерден келген қатысушылар Аралдың құрғаған табанына құтымен су құйып, бастаманы жақсылыққа балады.

Құрмет Талапқазы, экомарафонға қатысушы:

Аралға кәдімгі жүрегім ауырады. Осыған бүкіл ел-жұрт атсалысса, басшылар, Үкімет болып қолдап, арнайы сол Арал теңізін толтыруды борыш, міндет санаса бұл әп-сәтте толады деп ойлаймын.

Эколог-ғалымдар мен қоғамдық ұйым өкілдері халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосты. Жиында Сырдария өзенін трансшекаралық мемлекеттердің теңдей бөлуі, Арал экологиялық апат аймағында ел Президентінің арнайы өкілі қызметін ашу туралы келелі ұсыныстар айтылды. Және көтерілген өзекті мәселелер ел Үкіметіне жолданатын болды.

Әділжан Серікұлы


Хабарламаларға жазылу