«Түркістанды түркі дүниесінің рухани орталығы ретінде қалыптастыру мәселелері» атты халықаралық конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Түркістанды түркі дүниесінің рухани орталығы ретінде қалыптастыру мәселелері» атты халықаралық конференция өтті

31.10.2014
«Түркістанды  түркі дүниесінің  рухани орталығы ретінде қалыптастыру мәселелері» атты халықаралық конференция өтті

25 қазан күні Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қазақстан Ғалымдар Одағының бастамасымен және Түркістан қаласы әкімшілігі, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ұйымдастыруымен «Түркістанды  түркі дүниесінің  рухани орталығы ретінде қалыптастыру мәселелері» атты халықаралық конференция өтті. Бұл туралы оқу ордасының баспасөз қызметі хабарлады.

Конференция Президиум мүшелерінің құттықтау сөзімен ашылды. Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли мырза облыс әкімі құттықтауын жеткізді.

Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, академик Оразалы Сәбден модераторлық еткен конференция жұмысына Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Уәлихан Әбдібеков, Түркістан қаласының әкімі  Әліпбек  Өсербаев және Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев қатысты.

Қазақстан Ғалымдар одағының президенті Оразалы Сәбден өзінің «Түркістан өңірі» рухани - жаңа технологиялық кластерін құру туралы» тақырыбындағы бас баяндамасымен конференция жұмысын ашып берді.

«Бұл идея - дүние жүзінде баламасы жоқ халықаралық ұлттық мегажоба. Мұның негізгі мақсаты - «Түркістанды халықаралық деңгейдегі рухани орталыққа» айналдыру, қоғамды ізгілендіру арқылы ХХІ ғасырда адамзаттың стратегиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге рухани жаңа қадам жасау»,-деп сөзін түйіндеді ол.

Сондай-ақ, қоғамдық ғылым институттардың директорлары, профессорлар Ә.Б.Дербісәлі, Х.М.Әбжанов, Б.А.Байтанаев, М.Мырзахметов, А.Фазылжанова, А.Молдашев, Ж.Шымшықовтар Қырғыз Республикасы ҰҒА президентінің кеңесшісі, академик Т.К.Койчуев,  Манас атындағы қырғыз-түрік университетінің профессоры Д.С.Джаилов және т.б. ғалымдар мен қоғамдық ұйымдар, бизнес өкілдері Р.Б.Ботабеков, М.Т.Мыңбаев, М.Чакыр т.б баяндама жасап ұсыныстар мен пікірлерін ортаға салды.

Конференцияда Түркістанды түркі дүниесінің орталығы ретінде қалыптастыру проблемалары  жан-жақты сөз болды. Ел кәсіпкерлері жобаның теңдессіз екенін айтып, қолдау білдіретіндерін жеткізді.

Конференцияда қабылданған резолюция нәтижелерін үйлестіріп отыру үшін ғылыми-қоғамдық кеңес құрылды. Оның құрамына белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, атқарушы билік пен бизнес өкілдері кірді.

Хабарламаларға жазылу